Пластик қызғалдақ жобасынан соң басы дауға қалған Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты фейсбуктегі парақшасында пікір білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Мейлі, бұл видеоны түсіре берсін, ұнаса. Мәселе менде емес. Мәселенің тереңі мүлдем басқа. Байқасам, бірнеше еркек адам ер адамның суретін сүйіп, камера алдында жартылай жалаңаш билейді. Өсіп келе жатқан жастарға, ер адам еркектен жиіркенбеуі керек деген лас насихат па деп қалам. Ұрпақ санасына шабылып жатырған балта емес пе?» , - деп жазды ол фейсбук парақшасында.
Айта кетейік, халық құны 15 миллион теңге тұратын пластик қызғалдақ алаңына қатысты қала әкімін сынға алды. Ал Нұрдәулет Қилыбай 29 қазан күні өткен брифингте гүл алаңы эскизде көрсетілген жобаға мүлде сай келмейтінін айтты. Сондықтан, кәсіпкерлерге қаражат әлі төленбегенін түсіндірді. Әкімнің осы жауабынан соң халық оны «даудан басын алып қашып жатыр» деп тағы сынға алды. Одан соң африкалықтардың «Нұрдәулет Қилыбай, спасибо за тюльпаны» деп сәлем жолдаған видеосы әлеуметтік желіде тез тарап, қызу талқыға түсті.
Махаббат Нұржанқызы