Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Ақтау қаласында салынып жатқан қалалық «Бекет ата» мешітінің құрылысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің сайтына сілтеме жасап.
Ақтау қалалық мешітінің құрылысы биыл Рамазан айынан кейін басталған. Ескі мешіт ғимаратының орнына салынып жатыр. Заманауи үлгідегі құлшылық үйінің аумағы – 900 шаршы метр және мың адамға арналатын болады. Нысан 2022 жылы ел игілігіне беріледі.
«Бұл қалалық мешіт болашақта Ақтау қаласы символдарының біріне айналады деген сенімдеміз», - деді Әнуар Ізімбайұлы.
Айта кетейік, аталған мешіттен бөлек, Ақтау қаласында «Ержан хазірет», Жаңаөзен шаһарында «Сәби Атабайұлы», Мұнайлы ауданының Дәулет және Батыр ауылдарында, Түпқараған ауданының Баутино елді мекенінде де құлшылық үйлері бой көтеріп жатыр.