Биыл 1 шілдеден бастап ҚР-ның Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілді. Жалпы ӘРПК мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен байланысты қатынастарды реттейді. Реттелетін қатынастардың қатысушылары - мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар. Әрі қарай ӘРПК туралы Ақтау гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры А. Абуевтен сұрап білдік.
– ӘРПК не үшін қажет және ол қалай жұмыс істейді?
– Әкімшілік әділет азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды мүдделерін әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін керек. Яғни, олар сотқа келмеген жағдайда ақшалай өндіріп алуға және кейіннен әкімшілік істі олар болмаған кезде қарауға құқылы болады.
– ӘРПК бойынша әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісі қалай жүргізіледі?
– Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу 12 қағидат негізінде орындалады.
Атап айтқанда, 12 қағидатқа заңдылық, әділдік, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері және құқықтар басымдығының қағидаты, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, анықтық презумпциясы, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі жатады. Мысалы, әкімшілік сот ісін жүргізу барысында тараптар, олардың бірі мемлекеттік орган - билік өкілеттіктері берілген лауазымды тұлға, ал екінші жағынан-жеке немесе заңды тұлға, бастапқыда тең емес жағдайда болады.
Осыған байланысты соттың белсенді рөлінің қағидаты енгізілді, оның мәні соттың әкімшілік сот ісін жүргізуге белсенді қатысуы және тараптар арасындағы тепе-теңдікті сақтау және олардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету болып табылады.
– Аталған кодекстің тағы қандай жаңашылдығы бар?
– ӘРПК сәйкес дәлелдеу ауыртпалығын әкімшілік актіні немесе сұралып отырған әрекетті (әрекетсіздікті) жасаудан бас тартуға негіз болған фактілерді шығарған әкімшілік орган көтеретіні өте маңызды.
Бұл ретте жария дауларды сотқа дейін реттеу мүмкіндігі көзделген. Осылайша, азаматтар мен заңды тұлғаларға жария дауды реттеу үшін жоғары тұрған әкімшілік органға шағыммен жүгіну жеткілікті. Ал ӘРПК-де көзделген нормалар жүктелген соттардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген жаңашылдықтардың бір бөлігі ғана. Егер қандай да бір сұрақтар болса, Ақтау гарнизоны әскери прокуратурасына хабарласуға болады. Телефон нөмірі - 8 (7292) 60-58-82, 60-58-83 және 60-58-84.
– Сұхбат үшін рақмет!