Ақтауда VII «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындары өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарыстың жабылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібайұлы қатысып, жеңімпаз командаларды марапаттады.
Ауыл спорты ойындар арасында соңғы өткен шағын футболдан, құсбегілік жарыстарының командалық есепте жеңімпаздары марапатталды. Командалық есепте Түркістан облысы 1-орынды еншіледі. Команда 199 ұнай алған. Ал 183 ұпаймен Алматы облысы 2-орын алды. 3-орынға 164 ұпаймен Қызылорда облысы жайғасты.
Маңғыстау облысы командалық есепте 147 ұпаймен 4-орынға тұрақтады.
Төрт жылда бір өтетін «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары келесі жылы Алматы облысында ұйымдастырылады. Осы ретте Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының туын салтанатты түрде Алматы облысына табыстады.
Айта кетейік, «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары 11 қазан күні басталған. 14 облыстан келген командалар 14 түрлі спорт түрінен сынға түсті. Шара ҚР-ның Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтті.