© МО Полиция департаменті парақшасындағы видеодан скриншот
Ақтауда «LPG Trade» газ құю бекетіне қарама-қарсы жолда болған жол апатынан 2 адам қаза тапты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оғиға кеше сағат 16:51 шамасында болған. Ақтаудан Мұнайлы ауданына бара жатқан Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, инкассаторлық «ГАЗель» мен Daewoo Nexia көлігін соққан. Жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында көз жұмған.
Жол апатынан зардап шеккен 5 адам Маңғыстау облыстық ауруханаға жеткізілді.
«Оның екеуі амбулаториялық-емханалық көмек алды. Ал қалған 3 адамның жағдайы ауыр. Қазіргі таңда олар реанимацияда жатыр. Ішкі ағзалары зақымданған және сынығы көп. Науқастың біріне екі жақты балтыр сүйегінің ашық сынығы диагнозы қойылды. Зардап шеккендер жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлердің жіті бақылауында», - дейді Маңғыстау облыстық көпсалалы аурухананың баспасөз қызметі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА