© doctor-set.by
Маңғыстау өңірінде 2021 жылы жануарлардың 10 түрлі аса қауіпті ауруларына қарсы 351 250 басқа егу және жануарлардың 7 түрлі аса қауіпті ауруларына қарсы 128 451 қан сынамаларын алып, зертханалық тексерулерден өткізу жоспарланған. Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Марқабаев мәлімдеді.
Жыл басынан бері ветеринария басқармасы тарапынан профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Жануарлардың аса қауіпті 10 түрлі ауруына қарсы 240 201 доза вакцина егілген және 91 551 бас малдан қан сынамалары алынып, диагностикалауға зертханаға жолданған. Нәтижесі бойынша ауру қоздырғыштары анықталмаған.
– «Жасыл дәліз – 2» бойынша 47 145 өтініш түсіп, оның 39 579-ы (84 пайыз) біріздендіріліп, базаға енгізілді. 2021 жылы облыс бойынша барлығы 7 392 ит, 1 150 мысық ауланып жойылды. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша 2021 жылы барлығы 27 218 ветеринарлық паспорт және 2 033 ветеринарлық анықтама берілді. Қуаңшылыққа байланысты облыс аумағында 1 192 бас ауыл шаруашылығы жануары өлім-жітімге ұшырады, бұл барлық малдың – 0,2 пайызы. Өлген малдарға ішінара патологанатомиялық жарып-сою, көтерем малдарға клиникалық тексеру жүргізілді және көтерем малдардан қан сынамалары зертханаға тапсырылды. Өлген және көтерем малдарға патологанатомиялық жарып-сою және клиникалық тексеру нәтижелері бойынша алдын ала диагноз «Алиментарлық дистрофия» қойылды, – дейді ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Марқабаев.
Қан сынамаларын биохимиялық зертханалық зерттеулер бойынша «Алиментарлық дистрофия» диагнозы расталған. Жүргізілген жұмыстар көрсетіп отырғандай, облыс аумағында жануарлар арасында мал шығынына себеп болатындай аса қауіпті және жұқпалы аурулар анықталмаған.
Аш-арықтықтан өлім-жітімге ұшыраған 1 192 бас малдың 223 басы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі дерекқорында тіркелген. Қалған 969 бас дерекқорда тіркелмеген.
Ертөре ЖҮСІП