Қарапайым адамдарға санаққа қатысудың қандай пайдасы бар?
Халық санағы мемлекетке, ең алдымен, бұл қоғамның өзі үшін қажет. Бұл – біздің ортақ өміріміздің нәтижесі. Санаққа қатыса отырып, әркім өзі туралы ақпаратты хабарлайды, адамдар тобына қатысты перспективалық әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге қатысады. Мысалы, жұмыссыздардың сауалнама сұрақтарына берген жауаптары еңбек нарығын зерттеуге және қажет болған жерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Мектеп жасындағы балалардың саны туралы мәліметтер жаңа мектептер салу жоспарларын түзетуге көмектеседі. Жас туралы деректер зейнетақыны төлеу үшін, қажетті соманы резервтеуге, зейнетке қашан және қанша шығатынын болжауға мүмкіндік береді.
Санақтың экономикалық маңызы неде?
Халық туралы нақты статистикалық мәліметтерсіз экономикада дұрыс шешім қабылдау мүмкін емес. Егер ел басшылығында халықтың жас және жыныстық құрылымы туралы сенімді деректер болса, ол біздің азаматтарымыздың бірнеше жылдан кейін не нәрсеге мұқтаж болатынын – ардагерлерге арналған дүкендерге, мамандандырылған клиникаларға немесе жаңа балабақшаларға болжай алады. Адамдардың жұмыс іздеуі немесе өзге де себептер бойынша қайда және қайдан көшетіні туралы ақпарат тұтастай ел бойынша да, әрбір өңірде де өндіріс пен қызмет көрсету саласын дамытуды жоспарлауға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілер туралы санақ парақтарынан алуға болатын мәліметтер жеке кәсіпкерліктің дамуын дәл болжауға және ынталандыруға көмек береді. Өз кезегінде, бизнес өкілдері халық санағының деректері бойынша еңбек нарығының және ең бастысы – тұтыну нарығының жай-күйін бағалай алады.
Санақтың әлеуметтік мәні қандай?
Қазақстанда әлеуметтік саланы қаржыландыру әр адамға есептелген нормативтер негізінде жүргізілетіні белгілі. Бюджеттен балабақшалар мен мектептер, емханалар мен ауруханалар, кітапханалар мен мұражайлар салуға және күтіп-ұстауға бөлінетін қаражат көлемі қандай да бір қалада, ауданда, облыста қанша адам тұратынына байланысты болады. Көлік инфрақұрылымын қаржыландыру да халық санына байланысты. Қазір әсіресе өңірлердегі жұмыссыздық туралы деректер сұранысқа ие, өйткені жұмыссыздар үшін көмек көлемі және оларды қайта оқытуға арналған қаражат осыған байланысты.
Адамдар туралы сұрақтардан басқа сауалнама парағында тұрғын үй жағдайлары туралы ақпарат бар. 2009 жылы өткен халық санағы Қазақстан Үкіметіне тұрғын үй салу жөніндегі ұлттық бағдарламаны құру қажеттігін дәлелдеді. Басым міндеттердің бірі – ауылдық елді мекендерді газдандыру.
Тұрғын үй туралы сұрақтар не үшін қажет болды?
Халық санағы елде тұратындардың саны туралы ғана емес, өмір сүру сапасы туралы да жауап беруі керек. Тұрғын үй жағдайлары туралы сауалнама көп жағдайда адамдардың қалай өмір сүретіні, қандай өңірлерде қанша тұрғын үй салу қажеттігіне және тағы басқа мәселелерге жауап береді. Екінші жағынан, 2021 жылғы деректерді алдыңғы санақпен салыстыру осы саладағы өзгерістердің объективті көрінісін береді. Халықтың тұрғын үй жағдайлары туралы ақпарат тұтастай тұрғын үй туралы – тұрғын үйдің түрі, оны салу кезеңі, сыртқы қабырғалардың материалы, абаттандыру және тұрудың санитарлық-гигиеналық жағдайлары туралы мәселелер негізінде алынады; әрбір тұрғын үй-жай (пәтер) туралы жеке-жеке жалпы алаңның мөлшері, тұрғын бөлмелердің саны және телекоммуникациялардың болуы және әрбір үй шаруашылығының тұру шарттары туралы орналасқан бөлмелердің саны және интернет желісіне қолжетімділіктің болуы.
Қазақстан Республикасының стратегиялық
жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық
статистика бюросының
Маңғыстау облысы бойынша департаменті