Маңғыстау облысында белгіленбеген жерге қоқыс төгу фактісі бойынша 13 құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес, яғни қалалар мен елдi мекендер аумағындағы абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл-желектерді жою және бүлдіру дерегі бойынша 9 әкімшілік хаттама толтырылды.
«Одан бөлек ортақ пайдаланатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған 4 адам ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс тұрғындарынан қала көркіне зиян келтіретін құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз, тұрғылықты жер бойынша полиция бөліміне хабарласуды сұраймыз», - делінген МО Полиция департаменті парақшасында.
Айта кетейік, облыстық полиция департаменті 30 қыркүйектен бастап белгіленбеген жерге күл-қоқыс төгу фактілерін анықтау үшін рейд жүргізіп жатыр. Аталған жұмыстар 30 қазанға дейін жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер МО Полиция департментінен алынды