Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары Түпқараған ауданына қарасты Қарасу, Қолмыш, Талшық және Әтіре бұлақтарына химиялық және микробиологиялық сараптама жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Зерттеу жұмысына 11-сынып оқушысы Дәурен Түрпенбаев, биология пәні мұғалімі Салтанат Унбаева, география пәні мұғалімі Біржан Джумашев және қазақстан тарихы пәні Армат Дүйсеалиев жетекшілік етті.
«Дүниежүзілік сарапшылар пікірінше, әлем бойынша су тапшылығы 2030 жылдары 40%-ға артады. Ал бұл суды үнемдеп, бар суды тиімді пайдалануға көшу керек деген сөз. Сол себепті де біз, Маңғыстаудағы ұмытылған бұлақтардың құрамын зерттедік», - дейді Дәурен Түркпенбаев.
Зерттеушілер бұлақ басынан алынған судың рН ортасы, атмосфералық қысымы, теңіз деңгейінен биіктігін өлшеді. Сонымен қатар ауа қысымы мен жел бағыты да зерттеу күнделігіне жазылған.
«Қарасу, Талшық, Әтіре бұлақтарының әлсіз сілтілі ортаны көрсетті. Яғни аталған бұлақтардың құрамында адам ағзасына қауіпті, улы химикаттар жоқ. Ал Қолмыш бұлағы құрамында хлорид және сульфат тұздарының бар екені анықталды. Сондықтан да рН ортасы қышқыл (5,35), судың дәмі де тұзды болды. Яғни, бұлақ суы адам ішуге жарамсыз», - дейді биология пәні мұғалімі Салтанат Унбаева.
Жас ғалымдардың айтуынша, бұлақ сулары ішуге толық жарамды деген нақты түйін айтуға әлі ерте. Нақты тұжырымды Маңғыстау облысындағы құзіретті органдар сараптамадан кейін айтуы тиіс.
«Түпқараған түбегінің солтүстік жағалауында су көздерінің көптеп кездесуі жерасты су қорының мол болуын меңзейді. Бұл су қорын жаңа технологиялар арқылы өндіру және үнемдеу қажеттілігі байқалды», - дейді зияткер.
Зерттеушілер бұлақтардың атын анықтауға қолғабыс тигізген белгілі өлетанушы, облысымыздың ауылшарушылығы саласына еңбегі сіңген Алқажан Еділханға алғыс білдіреді.
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын зияткерлік мектептің оқушылары мен ұстаздары «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеушілік экспедициясына шыққан. Аталған экспедиция Түпқараған мүйісінен басталып, Тамшалы сайында аяқталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА