Биыл облыс бойынша 140 жер учаскесі аукцион арқылы сатылды. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы 274 жер учаскесі конкурспен заңды және жеке тұлғаларға берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл облыс бойынша 454 жер учаскесін аукционға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 521 жер учаскесін конкурсқа шығару жоспарланған.
Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетовтың айтуынша, жыл басынан бері аукциондарда 64,9 гектар жер сатылды. Құны - 142 млн 469 мың теңге.
"Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін конкурс арқылы табыстау тұрақты түрде жүргізіледі. Биыл конкурстарға 521 жер учаскесін шығардық. Соның ішінде конкурстар арқылы 274 жер учаскесі жеке және заңды тұлғаларға табысталды. Жер көлемі - 136 868 гектар", - дейді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, былтыр облыста 21 аукцион өткен. Онда көлемі 67,8 га 192 жер учаскесі 454 млн теңгеге сатылды. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сату үшін 9 конкурс ұйымдастырылды. Нәтижесінде 163,8 мың гектар болатын 419 жер учаскесі берілді.
Аудандар мен қалалар бойынша жер учаскелерін сауда-саттықтар арқылы табыстау www.gosreestr.kzсайтының «Электронды сауда алаңында» өтіп жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА