Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аппараттық жиын барысында халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды іске асыруды жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған өзекті мәселелердің бірі елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
- Облыста аймақты сумен қамтуға бағытталған бағдарлама бар, алайда біз оның нәтижесін күтіп отыра бермей, өзекті мәселелерді шешудің қосымша жолдарын іздеуіміз керек. Бізге Ақтау қаласының аумағынан су тұшытатын зауыт құрылысына өз қаражатын салуға дайын инвесторлар хабарласты. Біз мұндай бастамаларды толық қолдаймыз, - деді облыс әкімі.
Жаңа зауыттың жоспарланған қуаты 20 мың текше метрден астам. Облыс әкімі келесі жылдың жазында алғашқы кезеңі аяқталатын зауыт құрылысын Ақтау қаласының әкіміне жеке бақылауына алуды тапсырды. Бірінші кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр су тұшытылмақ.