Бүгін «Екпе ал да, пәтер ұтып ал» науқанының жеңімпазы Қайрат Қосаевқа екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сонымен қатар науқанға қатысып, бағалы сыйлықтарды ұтып алған қатысушыларға сыйлықтары берілді.
«Індет күшейіп бара жатқан соң өз еркіммен вакцина алдым. Содан соң осы науқанның ұйымдастырылып жатқанын естідім. Бағымды сынап, қатысып көрдім. Өткен жұмада күтпеген жерден ұйымдастырушы хабарласып, пәтер ұтып алғанымды айтты. Қобалжыдым. Қуандым. Бұрын соңды мұндай конкурстарға сенбейтін едім. Бірақ осы науқан шынайы екен», - дейді Қайрат Қосаев.
Оның айтуынша, вакцинаны тек науқан үшін ғана емес, ең бірінші денсаулығы үшін алған. Осы ретте ол тұрғындарға екпе алып, сол арқылы індеттің алдын алу керек екенін айтты.
Пәтер кілтін табыстау шарасы өткеннен соң ұйымдастырушылар мен жеңімпаз 38 шағынауданда салынып жатқан тұрғын үйге барып, пәтердің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Еске сала кетейік, науқан бір жарым айға дейін созылды. 40-қа жуық адам бағалы сыйлықтардың иесі атанды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер автордан