Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмовпен өңірдегі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалды телефон арқылы талқылады.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Президентке COVID-19 індетіне қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар, соның ішінде, халыққа екпе егу және малды жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндады.
Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына екпе салу қарқынын арттыру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, еңбек дауларын реттеу және болдырмау, өндіріс орындары мен мұнай кәсіпорындарына қызмет көрсететін мекеме жұмысшыларына әлеуметтік қолайлы жағдайды қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар Президент Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, қуаңшылық салдарына және жайылымдық жерлердегі шөптің тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдай бойынша фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.