Елімізде вирус жұқтырғандар мен провизорлық емханаларда науқастар саны күрт өсуде. Жазғы аптап ыстық, құбылмалы күн райы, демалыс және ойын-сауық орындарында халықтың тығыз шоғырлануы, сақтыққа салғырт қарау салдары ел ішінде індеттің екпіндеуіне септесті. Ресми ақпаратқа сәйкес Маңғыстау өңірінде вирусты жұқтырғандар саны күн санап үдей түсуде.
Әлем елдерінде ағзада вирус қауіпіне төтеп берер қорғаныс қалқанын түзе алар екпе егу үдерісі бастау алды. Біздің елімізде биыл сәуірден бері екпе егу науқаны үздіксіз жалғасып келеді. Нақты статистикаға сүйенсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сайтында жарияланған 14 маусымдағы деректерге сәйкес Маңғыстау өңірінде бірінші компонентпен екпе алғандар саны 82 859, ал екінші компонентпен екпе алғандар саны 42 103 адамға теңесіп отыр.
Короновирус ұғымы тұрмысқа енгелі бері екі жылға жуық уақыт өте шықты. Қысқа мерзім аясында төтенше жағдайды, қатаң карантинді бастан өткерген халық шектеу шараларына бой үйреткендей. Көбі көз жеткізген дүние – вирустың қатері әлі сейілген жоқ әрі ол ағзадағы табиғи тепе-теңдікті теңселтер жойқын күшке ие. Ендігі кезекте күллі адамзатқа ортақ мүдде – вирусқа қарсы күресте ауыз біріктіріп, алдын-ала жасақталған алгортим аясында әрекет ету, медицинадағы ғылым мен инновация мүмкіндігін үйлестіру тетіктерін іске қосу арқылы ұтымды қару ойлап табу. Көп ұзамай әлемдік медицинадағы білікті ғалымдар тобы жаңа вирустың шығу тегін, табиғаты мен құрылымын жан-жақты, терең зерттеу нәтижесінде оған қарсы екпені ойлап тапқаны мәлім. Осы тұста Оксфорд университетінің Our world in Data жобасы аясында жинақталған статистикаға көз жүгіртсек, қазіргі таңда 3,5 млрд-қа жуық әлем халқы вакцинацияланған. Соның ішінде Pfizer мен BionTech вакциналары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен алғаш мақұлданғандар. Сондай-ақ әлем бойынша ең жоғары сұранысқа ие екпелер қатарында AstraZeneca,Oxford, Moderna, Спутник V, Sinopharm, Sinovac, Janssen, Covaxin (Bharat Biotech) бар. Бұдан бөлек 200-ге жуық жаңа вакцина түрлері адам өміріне қауіпсіздігі мен вирусқа қарсы қауқары сан сатылы қатаң сынақтан өтуде. Қазақстан қазіргі таңда халыққа отандық KazVac,ресейлік Спутник V, араб-қытайлық Hayat Vax, қытайлық CoronaVac вакцинасын салып жатыр.
Елімізде екпені ең алғаш ерікті алғандар - медицина қызметкерлері. Бұлай болуы да заңдылық. Себебі дәрігерлер індетпен күрестің ең ілкі шебінде іркіліссіз еңбек еткен сарбаздар екені мәлім. Олар күнбе-күн науқастармен бетпе-бет келеді, дерті дендеген жандармен тығыз қарым-қатынас жасайды. Сондықтан дәрігерлер үшін вирусты жұқтыру ықтималдылығы өте жоғары. Өміріне төнген қауіп-қатерді айқын ұғына тұра зор тәуекелге бел буу – ерен ерлік, көзсіз батылдық белгісі. Екпе егу науқаны белең алысымен дәрігерлер халық артқан селкеусіз сенім үдесінен көріне білді.
Жаңа шағынауданда орналасқан «Ясин» емханасы халықты жаппай вакцинациялау науқанына белсенді атсалысуда. Бүгінде аталған емхана 51 мыңнан аса халыққа қызмет көрсетеді. Мұнда арнайы фильтр кабинеттер, екпе егу пункттері жасақталған.
«Маңғыстауда індеттің бірінші толқыны маусым айынан бастау алды деуге негіз бар. Ең алғашқы жағдай наурызда тіркелгені мәлім. Дегенмен маусымда науқастар нөпірінен ауруханалар мен емханалар лық толды. Қиын кезеңде біздің мамандар - кешенді медициналық көмек көрсеткен мобильді топтардан бастап, қашықтан кәсіби кеңес берген дәрігерлерге дейін дамылсыз еңбек етті. Статистикаға сүйенсек, біздің емханаға қарасты аумақ бойынша былтырғы үш айда, маусым, шілде, тамыз айында вирусқа шалдыққандар саны 685-ке жеткен екен. Бұл тек қана ресми деректер. Сол кезеңде емхананың электронды базасында ақаулардың орнауына байланысты көптеген деректер енбей қалғандығын ескерсек, көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін», - деп еске алады «Ясин» емханасының бас дәрігері Алтынгүл Көптілеуова былтырғы дүрбелеңді.
Бүгінде де емхана короновирустық инфекцияға қарсы екпе егу жұмыстарын нәтижелі үйлестіріп келеді. Емханада алты мобильдік топ ұйымдастырылған. Алдағы уақытта індеттің өршуіне жол бермеу мақсатында мобильді топтар санын онға жеткізуді көздеп отыр.
«Өз басым екпенің алғашқы компонентін ақпан айында алдым. Ал екінші компонентін наурыз айында салды. Кері әсерін тигізген жоқ. Қазіргі таңда да екпе салдырып жатқан жандардан арыз-шағымдар жоқ. Біздің емханаға 51 172 тұрғын тіркелген. Сәуір айынан бері 10 139 адам екпе алды. Оның ішінде 6 487 адам екпенің бірінші компонентін, ал 3652 адам екінші компонентін алды. Біздің емханада вирусқа қарсы екпенің төрт түрі ұсынылған. Олар ресейлік Спутник V, отандық QazVac, араб-қытайлық Hayat Vax, қытайлық CoronaVac вакциналары. Тұрғындар өз еркімен таңдау жасайды. Біздің міндет - екпе алудың маңызы мен салдарын ұғындыру. Соның ішінде созылмалы аурулармен есепте тұрғандар үшін екпе алу аса маңызға ие екендігін ескертеміз. Қан диабеті, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу, асқазан-ішек жолдары аурулары мен қатерлі ісік дерті анықталған науқастарға екпе егудің тиімділігін түсіндіреміз»,- дейді Алтынгүл.
«Жүкті, емізулі әйелдерге, экстрокорпаральды немесе жасанды жолмен ұрықтандыруға дайындалып жүрген жандарға, созылмалы ауруы бар науқастарға, профилактикалық екпелерді жүргізуге қарсы көрсетілімдері бар, аллергиялық реакциялары болуы мүмкін азаматтарға медициналық анықтама беріледі. Екпе адам ағзасында нақты ауруға қарсы иммундық қорғанысын қалыптастырады. Сол себепі иммундаудан кейін дене қызуының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнының қызаруы мен ісінуі секілді жағымсыз белгілердің пайда болуы –қалыпты жайт. Халық ең жиі қоятын сауал вакциналардың құрамы мен сапасы жеткілікті деңгейде сынақтан өткендігі жөнінде. Әрине, бәрі сан сатылы сынақтан өткізіліп, мемлекеттік тіркеуде тіркелген. Қазіргі таңда вирустың түрлі мутацияларға ұшыраған түрлері табылуда. Дегенмен оларға қолданылатын вацина біреу ғана. Кез келген вакцина аурудан жүз пайыз қорғайды деу қате түсінік. Дегенмен екпе нәтижесіндеағзада түзілген қорғаныс күші қауіпті вирустың асқынуын тежейді, ауру белгілерінің бәсеңдеуіне түрткі болады. Вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін адам ағзасында 56 күн ішінде иммунитет түзіледі. Бірақ адам осы уақыт аралығында санитарлық нормаларды сақтамаса ауруы әбден мүмкін», - дейді білікті маман.
Алтынгүл Көптілеуованың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда емхананың күндізгі стационарында емделушілердің басым бөлігі – екпе алмағандар. Олардың жай-күйі орташа ауыр деңгейде деп бағамдалған.
«Емделушілер ішінде вакцина алған бірен-саран адам амбулаториялық ем-дом қабылдап жатыр. 14 шілде күнгі есеп бойынша бір тәулікте 31 адамның ПТР-талдамасы оң нәтижені көрсетті. Олармен жақын қарым-қатынаста болғандар 136 адамды құрап отыр. Алаңдарлық көрсеткіш. Бұл ең алдымен медицина қызметкерлеріне түсетін өте ауыр жүктеме. Сондай-ақ ПТР-талдамасы теріс болғанымен короновирустық инфекция белгілері байқалатын науқастар да қатаң бақылауда. Бұл азаматтардың барлығын тиісті учаскелік терапевт қашықтан қоңырау шалу арқылы немесе бейнебайланыс арқылы қадағалайды. Ауру белгілері байқалған бойда тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда дәрігер нұсқамасымен Ибупрофен, Новиган, Парацетамол, Риварокс, Прадакса секілді дәрілік препараттар тобы тағайындалады», - дейді А.Көптілеуова.
Қазіргі таңда «Ясин» емханасында 2 егу пункті бар. Вакцинаның алғашқы компоненті 1-қабатта, ал екінші компоненті 2-қабатта егіледі. Күнделікті ерікті екпе қабылдайтындар саны жүзден асады. Емхананың жылжымалы екпе егу пункттері «ҚазАзот», «Каспий Битум» , «ТеңізОйл»секілді өндірістік мекемелер қызметкерлеріне вакцинация жүргізуді ұйымдастырған.
«Халық арасында вакцинаға қатысты жалған ақпарат жиі таралуда. Медицина тұрғысынан бұл ақпараттардың ешбірі дәлелденбеген. Бүгінде көршілес Ресейде бір дозалы «Спутник Лайт» вакцинасының өндірісі қолға алынып, елімізде мемлекеттік тіркеуде өткізілуде. Латвияда қатерлі ісік дертіне шалдыққандар да екпе алып жатыр. Ал Қытайда CoronaVac, SinoVac вакциналары үш жастан бастап салынып жатыр. «Ясин» емханасында қызметкерлердің 97 пайызы вакцинацияланды. Қауіпті вирустан қорғаныс қабілетін нығайтудың ең тиімді жолы вакцина салдыру екендігін естен шығармаған жөн. Короновирусқа қарсы вакцина Қазақстанның Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілгендігін айтқым келеді. Келешекте еліміздегі эпидемиялық ахуал нашарлаған кезеңдерде жаппай вакцинациялау жүргізілетін болады», - дейді бас дәрігер.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ