Жаңаөзен қаласындағы ірі компаниялардың еңбек ұжымы эпидемиологтармен кездесті. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан білікті эпидемиолог, инфекционист мамандар еңбек ұжымдарымен кездесу үшін арнайы келген.
Қаладағы ірі компаниялардың бірі - «ӨзенМұнайГаз». Өзен мұнай газ өндіру кәсіпкерлігі 1964 жылдың 15 шілдесінде құрылған. Қазіргі таңда «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ға қарасты 16 құрылымдық өндірістік басқарма бар. Оның төртеуі мұнай газ өндіру басқармасы, ал өзге басқармалар өндіріске қосымша сервистік қызмет көрсетеді.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты еңбек ұжымының құрылым жетекшілері ғана білікті эпидемиолог, инфекционист дәрігерлермен кездесті. Қызметкерлер мамандарға көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, кеңес сұрады. Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, ұжымдағы кәсіподақ жетекшілері мен құрылым басшыларының басым бөлігі вакцина алған.
Мысалы, «ӨзенМұнайГаз» АҚ-да 25 жыл еңбек етіп жүрген бас есепшісі Анар Оспанова «Спутник V» вакцинасының екі компонентін де алғанын айтты.
Вакцинаның екеуін де алдым. Ешқандай жанама әсер болған жоқ. Дін-аман жүрмін. Мен айналамдағы адамдардың қауіпсіздігі үшін вакцина салдырдым. Себебі мен жұмыста әртүрлі жастағы адамдармен жұмыс істеймін. Сондықтан ортаға зиян тигізгім келмеді. Әрбір адам өзінің және отбасының қауіпсіздігі үшін вакцина алады деп ойлаймын, - деді А. Оспанова.
Ал компанияның тағы бір қызметкері таңдау ресейлік және қазақстандық вакцина арасында болғандықтан отандық өнімді таңдағанын айтты. Жалпы компанияда вакцина алғандар саны мыңға жуықтаған. Мамандар қазір қызметкерлердің вакцина алу қарқыны күшейіп келе жатқанын айтты.
Сонымен қатар эпидемиологтар 2 200 адам қызмет ететін «Byrgylau» ЖШС ұжымымен де кездесті.
Мекеме директоры Дүйсенбай Таушановтың айтуынша, 154 адам вакцина алған.
Біздің компанияда 29 құрылым аутсорсинг форматында жұмыс істейді. Соның барлығын қосқанда 2 200 адам. Кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлердің 154-і вакцина алған. Мен жақында «Спутник V» вакцинасын аламын. Осындай мамандармен кездесіп, сұрақ-жауап сессиясын өткізу қызметкерлерге жақсы әсер етіп жатыр. Бүгін олар барлық қызықтырған сұрақтарына жауап алды, - деді Д. Таушанов.
Осыдан кейін эпидемиолог мамандар мен жергілікті билік өкілдері Мұнайшы мәдениет үйінде «ӨзенИнвест» МКК ұжымы мен білім саласының қызметкерлерімен жолықты.
Қала тұрғындары да жиынға қатысты. Шарада медицина ғылымдарының кандидаты, эпидемиолог Айнагүл Қуатбаева кез келген вакцина сырттан организмге түсетін ақуыз екенін айтты.
Індетке тосқауылды тек вакцина ғана қоя алады. Былтырғы ақпан айынан бастап қоғамдық орындарға бармаңыз, бата жасамаңыз, 10-15 адамнан жиналатын жерге бармаңыз деп ескертіп жатырмыз. Себебі Түркістан облысындағы қария Жамбыл облысы, Көкшетау қаласына, Қарағандыға барып, 180 адамға індет жұқтырған. Соның жетеуі індеттен көз жұмды. Сондықтан вакцина алған күннің өзінде де санитарлық талаптар туралы ұмытпаған жөн, - деді А. Қуатбаева.
Сонымен қатар ақпараттық-насихат тобының мүшелері 1995 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның еншілес компаниясы «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС мекемесінің қызметкерлеріне де вакцинация туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиынға қатысушылар тарапынан «вакцина алудың тиімділігі мен әсері қандай?, Алғашқы және екінші компоненттің арасы неге бөлінген?, Жаңа штамдарға қарсы вакцинаны қайта салу керек пе?, Вакцинаны кімдерге алуға болмайды?» деген сұрақтар көп қойылды.
Ақпараттық топ мүшесі Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының доценті Айнұр Садықова халықтың сұрағына барынша жауап берді.
Халықтың сұрағы өте көп. Біз олардың барлығына жауап беруге тырыстық. Тіпті, кей ұжым екінші кездесуге шақырып, сұрақтарына жауап алғысы келіп жатқан жайы бар. Вакцина алуға ешкім қарсы емес. «Вакцина алғаннан кейін ауырып қаламын ба?, Қандай әсер болуы мүмкін?» деген сұрақтар да болды. Біз түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруға дайынбыз, - деді Айнұр Садықова.
Осыған дейін білікті мамандар «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС ұжымына вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы қазір «қызыл» аймақта тұр. Жаңаөзен қаласында вакцинаның алғашқы компонентін 10 424 адам, екінші компонентін 3 933 адам алған.