Ақтауда Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілдері жергілікті қонақ үй басшыларымен кездесті. Курорттық аймақ саналатын өңірде жыл соңына дейін туризм саласының 1 000-ға жуық маманы тегін оқытылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аспазшы, швейцар, даяшылар мен бөлме қызметкерлері, жағажайдағы құтқарушы мамандары біліктілігін арттырады.
«Былтыр қонақ үй кешендерінде демалушылар санының артқандығын көрдік. Сәйкесінше, саладағы сапалы қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалды. 2025 жылға дейін Маңғыстауда 1,7 млн туристі қабылдауды жоспарлап отырғанын ескерсек, онда білікті кадрларға деген қажеттілік арта түседі», - деді Ұлттық компания төрағасы Ержан Еркінбаев.
Мамандардың айтуынша Ақтау халықаралық әуежайының қызметкерлері де оқу курстарынан өтеді. Онда күрделі жағдай орын алса туристермен өзара іс-қимыл жасау мәселесіне ерекше назар аударылады. Оқытудан өткен қатысушылар жергілікті курорттық нысандарда жұмысқа орналасады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, кездесуде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков жақында қабылданған туризм саласындағы мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары туралы айтты. Туристерді есепке алу, туристік ағымды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған бірыңғай ақпараттық жүйе – «eQonaq» жұмысы таныстырылды. Бүгінде бұл жүйе қонақ үй, хостел, демалыс үйлерінде енгізілген. Жыл соңына дейін еліміз бойынша бұл жүйеге 600-ден астам қызмет ететін орындар тіркеледі.