Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында төмен пайызбен несиелендіретін «Nur Kapital» бағдарламасы мұнайлылық 3 кәсіпкердің жобасын мақұлдады. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Сүлейменов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айта кетейік, «Нұр капитал» жобасы - Маңғыстау облысында еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталған бірегей бағдарлама. Бұл бағдарлама кәсіпкерлерге 1 пайызбен несие алуға мүмкіндік береді.
Несие алатын 3 кәсіпкер бизнес жолын 5 жыл бұрын бастаған.
«Nur Kapital» бағдарламасынан қолдау алған бірінші кәсіпкер Батыр ауылынан жылқы шаруашылығын дамытпақ. Кәсіпкердің бағдарламаға сұранысы 15 миллион теңге. Бұл қаржыға кәсіпкер 28 бас бие құлынымен, 2 айғыр сатып алып, оның өнімін тиімді бағада ауыл және аудан тұрғындарына ұсынуды көздеп отыр. Жоба жүзеге асқаннан кейін 5 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда", - деді Бейімбет Әбдіқадырұлы.
Тағы бір кәсіпкер Маңғыстау ауылынан бизнес кешенді сатып алу үшін бағдарлама аясында 30 миллион теңге көлемінде несие алмақ. Нысан 2 автокөлікті жөндеу, 2 көлік жуу орталығы, монша, кафе және сұлулық салонын қамтиды. Өз кәсібін кеңейткісі келген кәсіпкердің сұранысы қолдау тапты.
Бағдарлама аясында қолдау тапқан үшінші кәсіпкер аудан орталығынан азық-түлік тауарларын сақтайтын қойма салуды көздейді.
"Қойманың жалпы ауданы 1 200 шаршы метр, сыйымдылығы 5 000 тонна. Бұл жоба арқылы кәсіпкер қойма тұтынушыларына, яғни, ірі ұйымдарға, шағын және орта кәсіпорындарға орын-жайларды ұзақ мерзімді кезеңге жалға беретін болады және 3 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтымақ", - деді Бейімбет Сүлейменов.