Жақында «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде «Ай астында – алтыбақан» атты этнографиялық ойын-сауық кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынды «Отпан» МКҚК және Мұнайлы ауданының Қызылтөбе мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – ұмыт болып бара жатқан алтыбақан ойынын жаңғырта көрсету арқылы қазақ жастары арасында, нақтылап айтсақ қыз бен жігіт арасындағы сыпайы сыйластықты, қазақы қарым-қатынасты насихаттау. Сонымен қатар қазіргі телефонға телмірген, қала тірлігінен шаршаған жастарға бір ауық бұрынғы ауыл жастарының тірлігін көріп, ескіні еске түсіріп, тарихи тамырына үңілуге мүмкіндік туғызу, дейді ұйымдастырушылар.
Ойын-сауық кеші «Қарашаңырақ» алдындағы шығаберісте құрылған сахнада өтті. Сахнаның бір жағында – ауыл үлкендері орналасқан киіз үйдің интерьері, екінші жағында – жастар сауық құрған алтыбақан. Ойын-сауық кешінде қыздар мен жігіттер екі жақ боп түрлі өнер сайыстарын өткізді. Жеңілгендері жеңген жақтың талабын орындады. Қызды ұнатып қалған жігіт қызға сақина ұсынып, сезімін білдірсе, қыз келіскенін білдіріп кестелі орамал ұсынды. Осылай сайыса келе бір-бірімен жарасқан жастар кеші, түн ауа ақсүйек ойнауға ұласты.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН