Ақтау гарнизонындағы гвардиялық бригаданың 1000-нан аса әскери қызметшісі жаңа мамандықтарды меңгере бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сабақ өткізу үшін барлығы 200-ге жуық нұсқаушы бөлінген. Дәрістер 7-ші маусымда басталып, 2 шілдеге дейін жалғасады.
Оқудың мақсаты – әскери қызметшілерді мамандықтары бойынша қажетті дағдылар мен машықтарға үйрету, кәсіби білімдерін жетілдіру. Сондай-ақ, жеке және топтық қаруды, қару-жарақ пен әскери техниканы шебер және тиімді қолдануға үйретіп, тәжірибелік сабақ кезінде мамандардың далалық дайындық деңгейін арттыру.
Жалпы сабақтарға 100 оқу сағаты бөлінген, аптасына 5 рет өткізіледі.
Сабақта оқу-әдістемелік материалдар мен арнайы фильмдер көрсетіледі. Оқытушылар қарудың және техниканың материалдық бөлігін үйретеді.
– Оқу кезеңінде әскерге жаңа келгендер ант қабылдады және оларға қару-жарақ пен әскери техника бекітілді. Енді, жеке құрам мамандық бойынша даярлықтан өтеді. Оларға білікті мамандар, сержанттар мен офицерлер, яғни нұсқаушылар дәріс оқып, білгенімен бөлісуде, – деді батарея сержанты гвардия аға сержанты Ахмет Қадыр.