© Талант ҚҰСАЙЫН
Маңғыстау облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 27 нысан пайдалануға беріледі. Бұл туралы ОҚК өткен баспасөз конференциясында белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңір басшысы Серікбай Трұмовтың мәліметінше, ел үшін маңызды егемендіктің 30 жылдығы аясында Маңғыстауда «Ел игілігі үшін!» жобасы бастау алған.
«Жоба өңір тұрғындары үшін аса қажетті әлеуметтік маңызы бар нысандар мен шараларды жүйелі іске асыру үшін жасақталды. Жыл басынан бері облыс тұрғындарына тамаша тартулар жасалып жатыр. Ауылдарда спорт кешендері, жаңа саябақтар ашылып, субұрқақтар іске қосылды. Ақтауда Тұңғыш Президент саябағының құрылысы басталды», - деді С. Трұмов.
Облыс орталығы Ақтауда көп қабатты үйлердің сыртына ел мақтаныштарының көлемді суреттері (мурал) салынуда. Бұл дүниелерді жасаудағы мақсатымыз – ұлыларымызды ұлықтап, жас ұрпаққа олардың шығармашылығын жарқын бейнесі арқылы насихаттау.
«Еліміздің қастерлі мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспарына маңызды 153 тармақ енгізілді. Мерейтойлық жыл аясында 27 өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандарды халық игілігіне тапсыру, түрлі форматтағы 126 іс-шараны өткізу жоспарланып отыр», - деді ол.