Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде эпидемиолог дәрігер Марал Қадыр айтты. Оның айтуынша, осы күнге дейін әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарды. Оның 8 Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алып, қолданысқа берілді.
«Вакцинацияны жаппай жүргізудің нәтижесінде бірқатар елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталған. Мәселен, карантиндік режим тоқтатылып, маскасыз жүруге рұқсат берілді. Коронавирус індетінен бізді тек екпе ғана қорғай алады. Бұл ғылыми дәлелденген», - деді Марал Қадыр.
Қазір Маңғыстауда отандық «QazCovid-in» вакцинасы, ресейлік «Спутник V» вакцинасы және Арабияда өндірілген «Hayat-Vax» екпесі жеткілікті мөлшерде бар. Аймақта вакцинаның екі компонентін алған адам саны 21 384. Спикердің айтуынша, бұл – төмен көрсеткіш. Өйткені өңірде 656 адам коронавирус індетіне қарсы ем алып жатыр. Оның 219-ы ауруханада болса, 437-і үйде оқшауланып емделуде.
«Науқастар, сөзсіз, көп адаммен байланыста болды. Осы орайда қауіпті індеттің таралуын болдырмау маңызды. Ал бұл үшін екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Қазір қолданысқа беріліп жатқан нормативтік құжаттарға сай, вакцинаның екі компонентін алған адам ПЦР тестісіз, әлем бойынша емін-еркін қозғала алады», - деді Марал Қадыр.