Ақтау қаласы бойынша 25-ке жуық демалыс және жағажай орындары тіркелген. Алайда, Ішкі істер министрінің «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес рұқсат қағазын тек «Гуна» демалыс базасы алған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ал қалған демалыс орындары аталған бұйрыққа сәйкес су айдындарында құтқарушылармен және құтқару жабдықтарымен жасақталған бекеттерінің, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін кезекші медициналық персоналы және қажетті дәрі-дәрмектермен жабдықталған үй-жайларсыз және балалар шомылатын орындарының болмауына байланысты шомылу маусымына дайын еместігі анықталған.
Бұйрыққа сәйкес демалыс орындарына қойылатын талаптар бұған дейін әкімдіктің ресми парақшаларында «Жазғы маусымдық демалыс орындарын ашу туралы» тақырыппен жарияланған болатын. Осыған орай, қала әкімінің орынбасары С.Гусманның төрағалығымен демалыс және жағажай басшыларымен жиын өтті. Жиында Ақтау қаласы әкімдігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Г.Конирова түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, демалыс орындарындағы құтқарушылар Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде тегін түрде судан құтқару бойынша курстан өтіп, арнайы сертификат берілетіндігі жөнінде айтылды.
Демалыс және жағажай базалары бұйрыққа сәйкес дайын болған жағдайда ғана Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және өкілетті бөлімдердің келісімі арқылы жұмысын бастай алады.