Бүгін Ақтауда 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақтау қаласындағы №2 арнайы жалпы білім беру мектебінің оқушылары және қаладағы мектепте оқымайтын ерекше балалардың қатысуымен теңіз жағалауында «Көңілді старттар» спорттық сайысы өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған шараға 70-ге жуық ерекше бала шақырылып, 20 шақтысы ойынға қатысты. Мерекелік көңіл-күйден соң балаларға балмұздақтар таратылып, сыйлықтар ұсынылды.
- Мереке күнінде ерекше балаларға көтеріңкі көңіл-күй, жақсы демалыс сыйлағымыз келеді. Сайысқа қатысқан балалардың барлығына бағалы сыйлықтар дайындалды. Ата-аналарға осындай балаларды бағып отырғанына алғыс айтамыз. Осы сайысты ұйымдастырып отырған өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар. Атап айтсақ, «Маңғыстау облыстық ерекше тұлғалардың дене шынықтыру және спорт федерациясы», «Қамқор-Ақтау жастары», «Саламатты Ел», «Маңғыстау әуендері», «Рада-Ақтау» және «Азаматтық құқық» қоғамдық қорлары таңертеңнен бері шараға қатысып, өз үлестерін қосуда, - деді «Маңғыстау облыстық ерекше тұлғалардың дене шынықтыру және спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Маңдайлы Ыстыбайқызы.
Шалқар АБЫЛОВА,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН