Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Баутино ауылындағы мешіттің құрылысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы мен Түпқараған ауданының бас имамы Дәурен Өрісбаев құлшылық үйінің қазіргі жағдайын бақылады.
Сондай-ақ мешіттің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын тілге тиек етті.
«Алланың қалауымен жылдың соңына қарай жұмыстар толығымен аяқталып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай тамаша сый болады деп жоспарлап отырмыз. Мешіт құрылысына қаражат бөліп, қолдау көрсеткен азаматтарға, құрылысшы жігіттерге Алла разы болсын. Жасап жатқан еңбектеріңіз халық игілігі үшін жасалатын жария садақаға жататыны сөзсіз», – деді бас имам Әнуар Ізімбайұлы.
Еске сала кетейік, бұдан бөлек Маңғыстау өңірі бойынша Ақтау қаласында «Ержан хазірет», Жаңаөзен шаһарында «Сәби Атабайұлы», Мұнайлы ауданының Дәулет және Батыр ауылдарында мешіттері бой көтеріп жатыр.