Дүниежүзілік экологиялық білім күні мен Халықаралық Жер күніне орай ұйымдастырылған «Эколидер» байқауының жеңімпаздары анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
III Маңғыстау облыстық «Эколидер» байқауы жойылып кету қаупі бар қарақұйрыққа арналды. Жарысты Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Маңғыстау облысының білім басқармасы, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясы қашықтықтан ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты - жастарды туған өлкенің табиғатын зерттеу мен сақтауға шақыру, өз өлкесінің экологиялық мәселелеріне деген жауапкершілік сезімін тудыру, экологиялық мәселелерді тәжірибе жүзінде шешуге тарту, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін анықтау және қолдау.
«Эколидер» байқауына биыл 162 оқушы қатысуға өтінім берген.
Байқауды өткізу идеясы мен ереже авторлары эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі, эко-үйлестіруші Бақытгүл Жақсылықова әр оқушының қабілетін айқындап, оны әрі қарай дамытуға ықпал ету мақсатында байқауды бірнеше бағытта өткізуді жөн көрді.
Атап айтсақ, "Туған өлке табиғаты туралы ой" әдеби байқауында оқушылар туған өлкенің әсемдігі мен экологиялық мәселелері туралы проза, өлең, мақала, эссе, очерк, притча, аңыз, фантастикалық әңгіме жазу арқылы сауаттылығы мен сыни ойлау қабілеттерін дамытса, «Қарақұйрық – Маңғыстау өлкесінің қазынасы» атты суреттер байқауында акварель, гуашь, компьютерлік графика т.б. жұмыстар арқылы А3 форматына өз қиялын дамытып сурет арқылы жеткізе алды.
«Мен таза табиғатты қолдаймын» фотосуреттер байқауында экологиялық мәселелер көрінісі, экологиялық акцияларға қатысуы, түрлі деңгейдегі эко-жобалар, еріктілердің экологиялық іс-шаралары, композициялық шешім, идеяның өзіндік ерекшілігін фотоға түсіру арқылы жария қылып оқушы өзінің ұшқырлығын көрсете алды.
«Қалдықтарға – екінші өмір» атты қалдық материалдардан жасалған бұйымдар байқауы қаптамалар мен қалдық заттарды екінші ретте қалай қолдануға болатынын қол өнер бұйымдары мен қалдық және қоқыстан, сонымен қатар өзінің алғашқы қалпында қолдануға жарамсыз нәрселерден жаңа туынды жасап қолөнер шеберлігін паш етті.
«Жасыл экономика» ғылыми жобалар байқауы баламалы энергия көздері, энергия және суды үнемдеу туралы зерттеу жұмыстары мен өз жобасын жазу арқылы экологиялық мәселені шешудегі өзіндік идеясын көрсетті.
«Эко-Туризм» бейнероликтер байқауында әр қатысушы өз бейнебаяны арқылы өлкеміздің экотуризмін дамытудағы идеясы арқылы өзіндік мәселені шешудегі ұсыныстарын көрсетті.
Әр бағыттағы байқаудың ережеге сай бағалау критерийлерін басшылыққа ала отырып, зияткерлік мектептің ұстаздарымен қатар құзырлы мекеме мамандарынан құралған әділқазылар байқауға қатысушылардың жұмыстарын бағалады.
Әділқазы қатарында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Ербол Әлібеков, Маңғыстау облысының білім басқармасы балалар мен жасөспірімдер орталығының экология-биология бөлімінің жетекшісі Айнұр Ерғалиева, Ш.Есенов университеті «Экология және геология» кафедрасының меңгерушісі Сымбат Қойбақова және қауымдастырылған профессор, PhD докторы Самал Сырлыбекқызы, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы – экологиялық ағартушылық бойынша бас маманы Рахима Баданова, Маңғыстау облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Арайлым Ерғазиева, Маңғыстау облысы экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің жетекшісі Фариза Хожанепесова, Маңғыстау туризм колледжінің оқытушысы Светлана Чекрыжева, "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бас экологы Құндыз Үсенова, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының консультанты Нұрлыхан Исмаилов, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының табиғат бөлімінің мұражай маманы Ләззат Қарағұлова, «Ecojer» республикалық ассоциациясының өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының төрағасы, эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов болды.
Жойылып кету қаупі төніп тұрған қарақұйрыққа арналған III облыстық «Эколидер» байқауының жабылу салтанатында Әділбек Қозыбақов сөз сөйлеп, алдағы уақытта дәстүрлі байқау жалғасатынын айтты. Сондай-ақ "Туған өлке табиғаты туралы ой" әдеби байқауы мен «Қарақұйрық – Маңғыстау өлкесінің қазынасы» атты суреттер байқауы номинациясы бойынша жеңімпаздарды марапаттады. Әдеби байқаудан «Туған өлке табиғаты туралы ой» номинациясының жеңімпазы болып Қарақия ауданы «Жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясының» 10-сынып оқушысы Нұртас Аязбаев жеңімпаз деп танылса, суреттер байқауының «Қарақұйрық – Маңғыстау өлкесінің қазынасы» номинациясы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «D» - сынып оқушысы Амина Сүйебай үздік шықты. Сондай-ақ фотосуреттер байқауының «Мен таза табиғатты қолдаймын» номинациясының жеңімпаздары болып Айсәуле Шамиль және Данияр Жақсылық танылды.
Қалдық материалдардан жасалған бұйымдар байқауының «Қалдықтарға – екінші өмір» атты номинациясында Жаңаөзен қаласы № 9 жалпы білім беру мектебінің 8 – сынып оқушысы Амандық Қадырбаевтың жұмысы үздік деп танылды.
Қаракөл суының физикалық-химиялық құрамын тірі ағзалардың шектеуші факторы ретінде бағалау бойынша ғылыми жобалар байқауының «Жасыл экономика» номинациясы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 – сынып оқушысы Ришат Дильшат І орын иегері атанды.
Бейнероликтер байқауының «Эко-Туризм» номинациясы бойынша Жаңаөзен қаласы № 10 жалпы білім беру мектебінің 10 – сынып оқушысы Балғаным Өзбекбаева жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздарды Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Әсел Бейсембинова 1 дәрежелі дипломдармен, арнайы статуэтка, бейсболка және демеушілердің ұсынған сыйлықтарымен марапаттады. Жүлдегерлердің дипломдары ережеге сай қашықтықтан мараппаталды.
«Эколидер» байқауының авторы Бақытгүл Өмірханқызы «Байқаудың ұйымдастыруымыздың негізгі мақсаты жүлдегерлерді айқындау емес, жасөспірімдердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін дамытып, олардың отансүйгіштігін арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыра отырып Еліміздің нағыз патриоттарын тәрбиелеу» деп және келесі жылғы байқаудың тақырыбын Каспийіміздің қызыл кітапқа енген итбалығына арнайық деп ұсыныс білдіріп қорытындылады.