© Суретті түсірген Талант Құсайын
Дүниежүзілік авторлық құқық және кітап күніне орай Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дәстүрлі «Кітап әлемді бағындырады» акциясы жалғасын тапты. Білім ордасының 647 оқушысы мен 100-ге тарта мектеп педагогы карантин талаптарын сақтап, құпия достарына кітап сыйлады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жыл сайын 23 сәуір күні өткізілетін акция шұғыл қашықтан оқуға байланысты сәуірдің 15-16 күндері өтті. Адамдарды жаппай жинамау мақсатына кезең-кезеңге бөлініп, арақашықтық пен тазалық талаптары сақтала отырып, ұйымдастырылды. Акцияға қатысушылар жеребе арқылы түскен құпия досының қалаулы жанры бойынша кітап сатып алып, оған ізгі тілектер білдірді.
"Сыныптастарының талғамын жақынырақ таныту және сақтық шараларын сақтау мақсатында биыл қатысушы оқушылар өз сыныптастарына кітап сыйлады. Ал ұстаздар әріптестерінен құпия досты іздеді", - дейді акцияны ұйымдастырушы, мектеп аға-кітапханашысы Жанар Бахитова.
Кітап оқуды насихаттау шарасына төртінші рет қатысып тұрған 11-сынып оқушысы Жансұлтан Бүркітбай акцияны асыға күткенін айтады.
"Бұл шараға акция басталғалы бері қатысып келемін. Өте қызықты шара. Әр жылы кімге түстім екен, қандай кітап сыйлар екен деп жүресің. Осы жолы маған Абайдың «45 қара сөзін» қойын кітапша түрінде сыйлады. Ал мен Юлия Лимнің «Список» кітабын сыйладым. Сақтық шараларын сақтауға тура келді, сол үшін де мектеп ауласында жинала алмадық. Шыны керек, сол бір атмосфера өзіме де қатты ұнайтын. Акциядан кейін де кітап сыйлау – менің сүйікті әдетіме айналды", - дейді өзін-өзі басқару ұйымының президенті.
Айта кетейік, «Кітап әлемді бағындырады» акциясы – Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жалпы есеп бойынша акцияға 2017 жылдан бері 3 мыңға жуық адам қатысқан.