Қазақтың басына түскен алмағайып замандарда елдің аузы дуалы ақсақалдары мен абыз, билері әр төбенің басында күнде бір жиын өткізген ғой. "Күлтөбенің басында күнде жиын" деген сөз содан қалса керек.
Құдайдың қазаққа қарасқаны болар, аталар армандаған азат күнге жетіп, тәуелсіздігімізді алдық. Бүгінде сол тәуелсіздігімізге қауіп төне бастағандай. Ол қатер және сырттан емес, жазушы Сәдібек мырза айтқандай, іштен төніп тұрғандай. "Іштен шыққан жау жаман" дегенді бабаларымыз біліп айтқан ғой. Кешегі Алаш арыстарының басты ұстанымдарының бірі жер еді ғой. "Жер, жер және жер! Жер - Отан, ал Отанды сатуға да, жекешелендіруге де болмайды! Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Оның әрбір түйір тасы қазақтардың кеудесіне түйме болып қадалуы тиіс" деп еді-ау асылдар.
Ал сол түйір тас, аспанның асты мен үстіндегі байлық қайда кетіп жатыр? Сырттағылар қазақ жеріне еркін кіріп, қалаған құсын атып, арқар, киігіңнің мүйізін қағып, өлексесін лақтырып, сар далаңды шиырлап жүр. Қасиетті арқар, киігіңнің қошқар мүйізі қазақ даласының экспонатындай болып, араб шейхтарының төрінде қағылып тұр. Олардың даласы қайда, иесі мен киесі қайда?! Жерің гектар-гектарымен сатылып та, жекешеленіп те кетіп жатыр. Олар Алаш арыстары айтқандай, ең болмағанда, өз иесі-қазағына бұйырса болар еді-ау!? Қазба байлықтарың тоналып, миллиардтаған мемлекет қаржысы шетел банктеріне кетіп жатыр. Олар да ең әуелі сол байлықтың иесі- осы қазаққа жұмсалса игі еді-ау!?
Ал осының барлығына жол ашып, қазақтың алтын қақпасын өзгелерге ашып беріп отырған кімдер? Оларды "сатқын,ұры, қарақшы" демеске лажың бар ма? Өз атымен атасақ, бұлар- жең ұшынан жалғасып, өрмекшінің торын құрып отырған, ым-жымы бір жемқорлар. Осыны республикалық "Парасат жолы" жобасының жетекшісі, жазушы Сәдібек Түгел мырза жасырмай айтты. Ал ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева "Адалдық алаңы", "Парасат жолы " жобаларының негізгі идеялары мен мақсатына тоқталып, заңнамалық шектеулер тұрғысында тұшымды түсінік берді. Сол күнгі бір кездесуге қатысқан жерлесіміз, журналист Ғалым Әріп: "Жемқорлық-жегі құрт, оның желкесін үзу керек. Осы жемқорлық елдің экономикалық дамуына, мемлекеттің өзге елдер алдындағы имиджіне, халықтың билікке деген сенімсіздігіне себеп болып отыр" деп, кесіп айтты. Ащы шындық, құптарлық уәж!
Ал енді не істейміз, бұл тажалдан қалай құтыламыз, қалай ел боламыз? Ең бастысы, жастарды сақтауымыз керек! Олардың бойына жемқорлыққа қарсы мәдениетті, төзбеушілік пен жеккөрушілікті себуіміз керек. Өздері үшін де, мемлекет үшін де оның қандай қатер екенін ұғындыру керек! "Айтпаса, сөздің атасы өледі", Тәуелсіздігіміздің отызыншы жылында, біз күткен қазақты жарылқайтын жылда, "жастарды қалай сақтап қаламыз?" деп отырғанымыз өте ұят және "суға кеткен тал қармайдының" кері сияқты мен үшін. Бірақ қадам жасалуы керек!
Осы мақсатты ұстанған республикалық "Адалдық алаңы", "Парасат жолы" жобалары қолдаушылар арқасында қарқынды жүріп жатыр. "Ештен кеш жақсы", ортақ іске ел болып ұйысып, қоғам болып қауымдасып, көшті алға сүйреуіміз керек-ақ!
Жеке басыма Агенттік өкілдерімен өткен бір күндік кездесулер қатты әсер етті. Міне, ақындар мен жазушылардың, ғалымдар мен тарихшылардың, шежірешілер мен өлкетанушылардың салмағы!
Рух пен парасаттың, шешендіктің, тіліп түсер шындықтың құдыреті!
"Шындығын жасырған ауырмай өледі". Күлбүлтелеуден, бұра тартып, ала сөйлеуден әбден шаршадық. Дертті емдеймін десең, бітеу жараның өзегін тап. Тап та, сылып таста! Кемшілікті жөндеймін десең, қатеңді мойында! Халыққа жақындаймын десең, шындыққа жақын бол! Тап осы мақсатта штаб жанынан "Ой түбінде жатқан сөз..." айдарындағы жаңа хабарымыздың тұсауы кесілгенін назарларыңызға бергім келеді. Алғашқы қонағымыз Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, республикалық ат спорты федерациясының президенті, қоғам қайраткері, республикалық "Парасат жолы" жобасының жетекшісі Сәдібек Түгел болмақ. Ой түбінде жатқан қандай шер бар? Ұлттық сананы қалай жаңғыртамыз? Ұрпақ көшін қалай жалғаймыз? Осы бағытта айтары бар азаматтар, Маңғыстаудың марғасқалары мен меймандары ой қозғайтын болады.
Сонымен, жақсылармен болған бір күнгі кездесуден түйген ой: "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде! "Кеңесті жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ". Кеңесіміз көп болсын.
Абзалы, батыстың да, шығыстың да ауанына еріп өрекпімей, алтын арқау-аталар жолына түссек, адаспаспыз!
АҒЛЕН ТАЛАСБАЕВА
Қазақстан журналистер одағының
мүшесі, ардагер журналист,
Ақпараттық-ағарту штабының жетекшісі