Бейнеу ауылының тұрғыны Ғалымжан Лепесов сиыр мен қой терісін өңдеп, дайын болған былғарыдан аяқ киім тігеді. Ісмер бұл кәсіпке бала кезден машықтанған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашында темірден, ағаштан әртүрлі пішімдер әзірлей жүріп, тұрмыстық бұйымдар, үй жабдықтарын жасайды. Бүгінде ол етік тігу ісін бастады.
«Қазіргі уақытта тек ерлерге арналған аяқ киім тігіп жатырмын. Алдымен тапсырыс берушінің өлшемін алып, дайын болу уақытын келісіп аламын. Кейін керекті материалдарды дайындап, аяқ киім жасауға кірісемін. Шағын ғана цехымда арнайы құрылғыларым бар. Тұтынушының көңілінен шығып, ойындағыдай етіп жасауға бар күшімді саламын. Алдағы уақытта шағын цехты кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар арқылы одан әрі дамытып кеңейту жоспарда бар», - деді Ғалымжан Лепесов.