© Өмірбек САНСЫЗБАЙ
«Сөз анасы – жол» дейді қазақ. Ел көріп, жер шолғаннан кейін айтар әңгімең де, ағайынмен бөлісер әсерің де көбейері хақ. Ал барған жеріңіздің табиғаты көрсе көз тоймастай сұлу болса, оны қағаз бетіне түсірмей, іште сақтап қалу, тіпті мүмкін емес. Жуырда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Kazakh Tourism компаниясының ұйымдастыруымен бір топ БАҚ өкілдері екі күндік ақпараттық тур аясында еліміздің батыс бөлігіндегі Маңғыстаудың туристік орындарымен танысуға мүмкіндік алдық. Сөйтіп, алған әсерімізді оқырмандарымызбен бөлісейік деп, қолымызға қалам ұстадық.
Кейінгі жылдары Маңғыстау облысында туризм саласы өте қарқынды дамып келеді. Тіпті пандемия уақытында Каспий жағасындағы аймаққа келушілер саны күрт артқан. Бұл өз кезегінде облыс туризмін дамытуға ден қою керегін аңғартады.
Ақтау бізді күн шуағымен жайдары қарсы алды. Қала маңындағы қонақүйге тұрақтап, әріптестерімізбен ертеңгі күннің жоспарын бір пысықтап алдық. Ертесі күні таңертең асай-мүсейімізді арқалай артынып-тартынып, екі күндік «Тур де Маңғыстау» сапарын бастап кеттік. Біздің жолымыз әуелі Ақтаудан шыға берістегі – Қарақия ойпатына түсті. Қарақия – теңіз деңгейінен 132 метр төмен орналасқан Қазақстандағы ең терең ойпат. Тереңдігі жағынан Иордания мен Израиль шекарасындағы Өлі теңіз, Қытайдағы Тұрфан, Африкадағы Афар және Мысырдағы Катар ойпатынан кейінгі бесінші орында тұрады. Әйгілі зерттеуші Василий Федорович Қарақия ойпатын шөлдің миниатюралық түрлері жиналған кішкентай планетаға теңестіріп, былай деген екен: «Тақырды көру үшін Өзбекстанға, сораны көру үшін Түрікменстанға, ал Гоби шөлін көру үшін Африкаға барудың қажеті жоқ. Маңғышлақтағы Қарақия ойпатына келсеңіз, шөлдің барлық түрін бір жерден тамашалай аласыз».
Сондай-ақ Маңғыстау таңғажайып табиғатынан бөлек, ғажайып жерасты мешіттерімен де мақтана алады. Біз екі күндік тур барысында Шопан ата және Шақпақ ата жерасты мешітімен таныстық. Өңірдегі әр жерасты мешітінде бір әулие-әмбие жерленген және ол белгілі бір нәрсенің жебеушісі болған. Қазіргі уақытта Маңғыстауда 20-ға жуық жерасты мешіті табылған. Десе де мешіт саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін деген болжам жиі айтылады. Осы орайда оқырман тарапынан бұл өңірде неге жерасты мешіттері көп деген сауалдың туындауы заңдылық. Себебі, бұрынғы заманда құрылыс материалдары қазіргідей көп болмаған. Сондықтан жер үстіне мешіт салғаннан, жерасты мешіттерін соғу әлдеқайда жеңіл болған. Ыбырай Алтынсаринше айтар болсақ, бұрынғы өнер-білім бар жұрттар тастан мешіт салғызған.
Біз Қарақиядан кейін Шопан ата мешітіне бас сұқтық (Шақпақ ата жерасты мешітіне сәл кейінірек тоқталамыз). Пандемияға байланысты жерасты мешітіне көп адамның кіруіне болмайды. Зиярат етуге уақытша тыйым салынғандықтан, шырақшы келген қонақтарға тез-тез құран оқып, шығарып салып отырды. Мешітте Шопан атаның өзі, әйелі, қызы және жақындары жерленген.
– Шопан ата бақташы болып байдың қол астында жұмыс істеп жүргенінде оған бай: «Бір жылдан кейін қанша ақ бас қой шықса, соның барлығын саған беріп, ақыңды төлеймін» деген екен. Келісілген уақыттан кейін Шопан атаның қолынан мыңдаған ақ бас қой шығады. Бұған таңданған бай «Малымның барлығын беріп қоямын ба?» деп келісімді тағы бір жылға созады. Бірақ енді талап бойынша қара бас қойлардың саны бойынша есептеседі. Бір жылдан кейін де мыңдаған қара бас қой шығады. Сөйтіп, Шопан атаның бекер адам емес екенін түсінген бай оған қызын берген. Осылайша, Шопан ата қойдың пірі атанған екен, – дейді бізге гид қызметін көрсеткен Людмила.
Маңғыстау табиғатының бір керемет нүктесі – Қызылкүп. Бір кездері су астында жатқан қызыл түсті бор тау. Су шайып, бор қабаттарынан осындай тылсым түзіліс пайда болған. Бұл сұлулыққа Маңғыстаудың желі де өз үлесін қосқан. Оның әсем табиғаты, ерекшелігі алыстан көрінбейді. Жақындағанда ғана байқалады. Жалпы, жергілікті халық бұл жерді «тирамису» деп те атайды. Шынында бір қарағанда италиялықтардың осы бір тәтті тағамына ұқсайды.
Маңғыстаудағы мәдени мұраларды кеңінен насихаттау үшін аймақта тұтас бір этноауыл бой көтерген. Этноауылға келген қонақтар қазақтың дәстүрімен танысып, ұлттық тағамдарынан дәм татады, арнайы туристік бағыттар бойынша өңірдің тарихи және көрікті жерлерін аралайды. Турист болып көрген екі күннің ішінде «Көгез» этноауылымен де танысуға мүмкіндік алдық. «Көгез» этноауылы табиғаты тамаша жерде орналасқан. Бір қапталында Шерқала, оған қарама-қарсы Айрақты тауы жатыр. Екі таудың етегінде орналасқан этноауылда қаз-қатар тізілген 25 киіз үй мен екі арнайы қонақүй бар. Туристердің өздерін жайлауда отырғандай сезінуі үшін барлық жағдай жасалған.
«Көгез» этноауылында бір күн түнеп, келесі күні Айрақты тауларына қарай бет алдық. Таудың үстінен қарағанда бір жағынан айға (жарты айға) және аттың тағасына ұқсайды. Жалпы, бұл даланы Шаманай немесе Қамалдар алқабы деп атайды екен. Жолай Шерқала тауын алыстан көріп өттік. Шерқалаға бір жанынан қарасаңыз ұйқыдағы арыстанға ұқсайды, келесі жағынан қарасаңыз киіз үйге, тіпті қолын басына қойып, аяғымен қабырғаны тіреп тұрған адамға да ұқсап кетеді.
Жалпы, Шерқала туралы ерлік-дастандар мен аңыздар халық арасында көп тараған. Мұнда бұрындары көп тайпа мекендеп, олар сырттан келген шапқыншылармен үнемі соғысып отырған. Бірде жаудың көп әскері келіп, оларға қарсы тұрар шамалары болмаған соң жергілікті халық осы таудың ішіне жасырынған. Тауда жерасты жолы мен үңгірлер көп болғаны соншалықты, кейбір жерасты мешіттері жерасты жолдары арқылы бір-бірімен байланысып отырған. Жерасты жолымен адамдардың жүріп-тұрғаны былай тұрсын, түйе де емін-еркін өтетін болған екен. Сөйтіп, бүкіл тайпаның үлкен шал-кемпірлері мен әйел, балалары осындағы үңгірге тығылған да, әскерге жарамды жігіттері ауылын қорғау үшін жаулармен соңына дейін күрескен. Арада бір ай, екі ай өтсе де, ауыл тұрғындары сол үңгірден шықпай қойған. Жаулар үңгірде осынша уақыт аштан қатпай, қалайша жасырынып жатыр деп таңғалады. Ал көшпенділер үнемі ас-суын өздерімен бірге алып жүретінін олар қайдан білсін?! Жау әскері тайпа сарбаздарын қырып салған соң үңгірдің кіретін-шығатын жолдарын тексеріп, әйелдер мен балалардың қайда кеткенін таппай әлек болады. Осы аңыз бойынша халықтың сондай батырлығы, ауыл жігіттерінің көп әскерден қаймықпай, ақтық демі қалғанша күрескеніне тәнті болған кейінгі жұрт тауды Шерқала деп атаған деседі.
Ал археологтар мен ғалымдардың болжауынша, XII-XIV ғасырларда мұнда керуен сарай болған және ол Шерқала деп аталған. Ұлы Жібек жолы осы жерден де өтіп, теңізге қарай жалғасқан. Ал керуен сарайлар жау тұтқиылдан шабуыл жасай алмас үшін теңізге жақын немесе ашық жерлерге соққан деген нұсқа да рас болуы мүмкін.
Маңғыстаудың туристерге ұсынар тағы бір тартуы – Торыш домалақ шарлар алқабы. Мұнда тастардың доп-домалақ болғаны сонша, біреу аса ыждағаттылықпен әдейі қолмен жасап қойғандай әсер қалдырады. Тастардың пайда болуына байланысты жергілікті халықтың мынадай қызық аңызы бар. Осында қоныстанғандар мен сырттан келген жау арасында жиі соғыс болып, жау әскері күшейе бергенде тұрғындар алақан жайып, Құдайдан көмек сұрайды. Құдай жергілікті халықтың тілегін қабыл етіп, жау әскерін тасқа айналдырып жіберген деседі.
Ал ғылыми нұсқаға сенер болсақ, әйгілі археолог Василий Тарасенко жер асты үңгірлеріндегі тастар мыңдаған жыл бойы үңгір ішімен домалап үлкейе берген. Кейін электроразряд (найзағай сияқты) болғанда жарылып сыртқа шығып қалған. Ал отандық археологтардың пікірінше, 5 млн жыл бұрынғы Тетис мұхитында вулкан атқылап, жер сілкінісі болып, содан мұхит суы тартылып, жер пайда болған. Мұхит астында тіршілік еткен жәндіктердің барлығы қырылып қалған соң теңіз жәндіктерінің сыртына топырақ жабысып, оны жаңбырдың суы шайып, жел қайта құрғатып осындай шарлар пайда болған. Яғни топырақ-су-жел физикалық үдерісі арқылы миллиондаған жылда жәндіктердің сыртынан осындай шарлар пайда болған.
Бізге жол нұсқаған гид оларды расында вулканнан қалған тастар болуы мүмкін деп есептейді. Себебі, тастардың сырты теп-тегіс, балықтың, ұлудың сыртына топырақ жабысты деуге келмейді. Басқа екі нұсқада дәл мұндай доп-домалақ тастар пайда болмайтын тәрізді. Бұл шарлардың ғылыми атауы – конкреция. Ал конкреция сөзінің мағынасы – тартылыс дегенді білдіреді. Тастардың ішінде Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы кездеседі. Шынында тастарға қарасаңыз бір-біріне тартылып, жабысып тұрғандай көрінеді.
Бұл аймаққа алғаш келген шетелдіктер «Құдай-ау, мына жерде алып адамдар боулинг ойнап, шарлары қалып қалған тәрізді ғой» деп те қалжыңдайды екен. Мұндағы тастарға зер салып қарасаңыз, әрқайсысынан әртүрлі бейнені көресіз. Мәселен, бір тас жүріп бара жатқан тасбақаға ұқсаса, екіншісі – саңырауқұлаққа ұқсайды. Тіпті ішінде Мысырдағы әйгілі Сфинкске ұқсайтыны да бар. Оның бір ерекшелігі, қай бұрышынан қарасаңыз да бастапқы көрінісінен еш айнымайды.
Десе де мұндай шар алқабын тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түрлі елдерінен кездестіруге де болады екен. Мәселен, Аргентинаның Сан-Хуан провинциясының солтүстігінде орналасқан ай алқабынан, АҚШ-тың Калифорния штатындағы мұхит жағалауынан, сонымен қатар тас шарлар 2014 жылы Өзбекстанның Жизақ облысындағы Карангул аймағынан да табылған екен. Ғалымдар бұл шар тастардың қалай пайда болғанын әлі күнге дейін таба алмай, бас қатыруда.
Екі күндік сапарымыздың соңғы нүктесі – Түпқараған ауданы, Таушық елді мекенінен 40 шақырым солтүстік-батыс бағыттағы Оңғазы тауының етегінде орналасқан Шақпақ ата жерасты мешіті болды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Маңғыстаудағы әр жерасты мешітінде бір әулие-әмбие жерленген және ол белгілі бір нәрсенің жебеушісі болған. Шақпақ ата ауру адамдар, қарттар мен бала тілеп жүрген әйелдердің жебеушісі болған деседі. Мұнда сол адамдар дерттеріне шипа тілеп, жиі келіп тұрады екен.
Жерасты мешітіне кіреберістегі қабырғада түрлі петроглифтер мен суреттер бейнеленген. Олар X-XIV ғасырдан, яғни мешіт соғылған кезден бері әуелгі қалпын бұзбай келеді. Сол дәуірдегі адамдар өздерінің сезімдерін, ойларын, шығармашылығын жартастарға, үңгірлерге бейнелеп дамытып отырған. Қабырғадағы бейнелерден жануарлардың, атап айтқанда, гепардтың, аттың суретін байқауға болады. Сол заманда бұл маңда гепард өте көп болған, оны қазір де кездестіруге болады. Жануарлардан бөлек, мұнда түрлі жазулар мен адамның алақаны бейнеленген. Жергілікті тұрғындар алақан жын-шайтандардан қорғайды деп сенген. Сондай-ақ бес саусақ мұсылмандардың бес уақыт құлшылық ететінін білдірген.
Шақпақ ата мешітінің қалай соғылғаны туралы нақты анықтама, үзілді-кесілді байлам жоқ, тек түрлі аңыздар айтылады. Аңыз бойынша бір кездері теңіз жағасындағы Сарытас деген қалада сарай соғатын Шаһмардан есімді шебер өмір сүрген. Ол сарай соғатынымен қатар мықты жауынгер де болған. Семсерінің жарқылы жан-жаққа шашырап тұратын болғандықтан оны жергілікті халық Шақпақ деп атап кеткен екен. Ол «мен осындай керемет сарайлар салдым, олар ұрпақтан ұрпаққа беріледі, жылдар бойы сақталады» деп ойлайтын. Бірақ шебердің сарайына көз тіккен жаулары оны өздерімен бірге алып кетіп, оған сарайдың орнына мешіт салуды бұйырады. Бірақ мешіттің бар екенін ешкім білмейтіндей, көрінбейтіндей болуы керек деген талап қояды. Шақпақ жауларына сарайының не үшін ұнамай қалғанына таңғалып, мешіт соғудан бас тартады. Сөйтіп, оны жаулары көп жыл бойы зынданға қамап тастайды. Тас қараңғы жерде жатқандықтан жанарының нәрі таусылып, соқыр болып қалады. Арада бірнеше жыл өтіп, ол зынданнан босатылады. Шыға салысымен «мен қай жерде қателік жібергенімді түсіндім» деп айқай салады. «Мен жерден тастарды алып, жерге сарай салған екенмін. Енді тасты жерден ажыратпай, жердің ішіне сарай саламын» дейді. Өзімен бірге 4 шәкіртін ертіп алып, Оңғазы тауының етегіне келеді. Сөйтіп, төрт шәкіртіне әрқайсың мешіттің бір-бір бөлмесін өздерің қалағандай соғыңдар дейді. Мешіттің кіреберісін салған бірінші шәкірті жарық анық түсіп тұратындай етіп салады. Екінші шәкірті балалардың сауат ашуы үшін медресеге арналған бөлме соққан. Үшіншісі арнайы құлшылық бөлмесін тұрғызады. Төртінші шәкірті 9 шаршы метр болатын төртінші кеңесу бөлмесін, ал ортадағы киіз үй пішініндегі бесінші бөлмені Шақпақ атаның өзі соққан. Ол төбені сары түске бояп, қызыл жұлдыздарды бейнелеп қойған. Шақпақ ата бөлмеде жатқанда соған қарап көк аспанды, жұлдыздарды елестеткен екен.
Екі күндік сапардан көрген-білгеніміз, ойға түйгеніміз осы болды. Маңғыстау топырағына табаны тиіп тұрып, Бозжыра туралы бір-екі ауыз сөз жазбағаны қалай деп ойлап отырған боларсыздар. Ақпараттық тур аясында Бозжыраға да барып, сұлулығын өз көзімізбен көріп қайттық. Бірақ Бозжыра туралы мақаламызды газетіміздің келесі сандарының бірінде толығырақ баяндаймыз.
Дереккөз egemen.kz
Суреттерді түсірген Өмірбек САНСЫЗБАЙ