Маңғыстау облысында автожолды күтіп, ұстауды қамтамасыз ету үшін 53 бірлік техника қарастырылды. Тайғаққа қарсы 720 тонна құм мен 182 тонна тұз бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыста ауа-райының өзгеруіне байланысты Ақтау – Форт-Шевченко, Ақтау –Қаламқас, Таушық – Шетпе, Жетібай – Қарамандыбас-Жаңаөзен автомобиль жолдарын қар басқан болатын.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының айтуынша, аталған жолдарды қардан тазарту үшін 254 куб инертті материал себілді. Сондай-ақ жолды күтіп ұстау мекемелері штаттық режимде жұмыс істеп, 34 техника және 68 адам жұмылдырылды.
Қазіргі таңда облыстық Әкімшілік полиция басқармасымен жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын, техникалардың дайындығын тексеру және инертті материалдарды түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жоюға нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар басқарма тарапынан жедел алдын алу шараларын ұйымдастыру үшін арнайы байланыс (чат) тобы құрылған. Алдағы уақытта құрылған топ арқылы уақытылы тапсырмалар беріліп отырады», - дейді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА