Қазір баспасөз өнімдеріне жазылу науқаны қызу жүріп жатқан шақ. Бұл газет-журналдар редакцияларымен қатар өнімді таратушы пошташылар үшін де маңызды науқан саналады. Сейсенбі күні «Қазпочта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының залында осынау науқан аясында «Жазылушылар күні» өтті.
Жиналғандарды филиал директоры Дариға Өтебалиева құттықтап, шараның қызықты өтуіне тілек білдірді. Сондай-ақ облыстық «Маңғыстау» және «Огни Мангистау» газеттері бас редакторларының орынбасарлары Валентина Қозыбақова мен Татьяна Преснякова, «Тумба» газетінің бас редакторы Гульнара Мусалимова құттықтау сөз сөйлеп, өз бсылымдары жайында әңгімеледі.
Жыл сайын газет-журналдарға үзбей жазылып, тұрақты алып оқуды әдетке айналдырған оқырмандар — Әзірбайжан Қонарбаев, Тәжіғали Бекқалиұлы, Жеткізген Мырзақұлов ағалар баспасөз өнімдеріне жазылудың пайдасы, газеттердің бүгінгі бет-бейнесі туралы пікірлерін ортаға салды. Олар газеттерін уақытында әкеліп тұратын пошташыларға да алғыстарын жаудырды.
Жазылушылар алдында «Қазпочта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалында ұзақ жылдар еңбек еткен пошта ардагері Қалима Битанова сөйлеп, газет-журналдар оқырмандарымен, жазылушы мекемелермен жұмыс жүргізген жылдардан естеліктер айтып, бұл тамаша үрдістің жалғаса береріне сенім білдірді. «Қазпочта» қызметін қолданушы мекемелер мен ұйымдардың баспасөзге жазылуды ұйымдастырып жүрген қызметкерлері—Ұлпан Телеубергенова («Маңғыстаумұнайгаз» АҚ), Несібелі Алагөзова («Қаражанбасмұнай» АҚ), Ләззат Өтегенова («Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы» ММ), Нұрияш Егдірбаева («Қалалық орталық кітапханасы» ММ), Гүлзайнап Сатыбалдиева («Маңғыстау облыстық политехникалық колледжі» МКҚК) игі тілектерін жеткізді. Аталмыш мекемелер өкілдері «Қазпочта» басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Ал «Маңғыстау өнер колледжінің» 4-курс студенті Дәулет Сәрсен баспасөзге жазылушыларға өз өнерін тарту етіп, көңілдерін көтеріп отырды.
Мерекелік басқосудың ең қызықты кезі «Сәтті жұлдыз» лотереясының ойнатылуы болды. Оған осы акция барысында кемінде 2 немесе одан да көп газет-журналға жазылғандар қатысып, бағалы сыйлықтар ұтып алды. Сондай-ақ акцияға қатысушыларға залда орнатылған «Мейірім ағашының» бұтақтарында ілініп тұрған әр жүрекшеде аты-жөні жазылған балаларды газет-журналға жаздыру ұсынылды. Есімдері жазылған жеткіншектердің барлығы балалар үйінде тұрады. Оларды баспасөзге жаздырудағы мақсат—интернет желісі қарқынды дамыған заманда ұрпақты газет-журнал, кітап оқу сияқты құндылықтардан қол үзіп қалудан сақтандыру.
Жиын барысында «Қазпочта» жүйесіндегі жаңа қызмет түрлері таныстырылып, биылғы жылдың 10 айдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер көрсеткен пошта қызметкерлеріне, газет-журналға жазылуда ерекше белсенділік танытып жүрген жазылушыларға Алғыс хаттар табысталды. Жазылушылар күніне жиналғандардан ешкім құр қол қайтқан жоқ, барлығына кәде-сый таратылды.
Фатима МҰСТАЖАПҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ