Бүгін Маңғыстау облысының полиция департаментінде патрульдік қызмет ротасының қызметкерлері 9 қызметтік көліктің кілтін алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Полиция басшысы генерал-майор Жанарбек Бақтыбаев облыс автожолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін республикалық маңызы бар трассаларда тәртіпті қадағалайтын қызметкерлерге автомашина кілтін табыстады.
«Автопаркті осындай жабдықтармен толтыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Маңғыстау жолдарындағы апаттардың өсуіне жол бермейді. Қазір экипаждар саны көбірек, бұл жол-көлік оқиғаларының алдын-алу жұмыстарын күшейтеді», - дейді МО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Жанарбек Бақтыбаев қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жоспар әзірленгенін айтты. Жол-көлік апатынан қаза болғандар санын одан әрі төмендетудің маңызды міндеті кешенді тәсілді қажет етеді.
Еске салайық, 9 маусым күні ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев халық алдында есеп беру кездесуі өткен болатын. Кездесу барысында министр ел аумағындағы жол-көлік оқиғаларының статистикасын айтып өтті.
Оның айтуынша, ҚР Ішкі істер министрлігіндегі кездесуде Мемлекет басшысы жолдардағы өлімді төмендету, жергілікті жерлерде құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтарды дүлей зілзалалар мен төтенше жағдайлар салдарынан қорғау жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігіне назар аударды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді МО полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды