«Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының өңірлік филиалы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруды сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ мүшелері Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданындағы дәріханаларға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде бірқатар дәріханалардағы заң бұзушылықтар анықталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялағаны белгілі. Елде төтенше жағдай жарияланып, аймаққа карантин режимі енгізілген болатын. Алайда дәріханалар шектеулерге қарамастан жұмысын кедергісіз жалғастыра беретін әлеуметтік маңызы бар нысандардың бірі.
Дәріхананы безендіруде бекітілген салалық стандарт болады және дәріхананың маңдайша жазуына қойылатын нақты талаптар бар. Атап айтқанда, оның фирмалық атауы, бекітілген жұмыс уақыты, орналасқан мекенжайы, байланыс телефоны, жақын орналасқан немесе кезекші дәріханалардың телефондары көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар дәріханада сатып алушыларға қолжетімді жерде мемлекеттік лицензияның көшірмесі және оған берілетін қосымша, фармацевтикалық қызметке бақылау жүргізетін аумақтық органның байланыс телефоны мен орналасқан мекенжайы, шағым және ұсыныс кітабы, дәрілік препараттардың сақталу мерзімі туралы ақпарат, оның ішінде дәріханада дайындалатын (дайындауға рұқсаты бар дәріханалар үшін), кәмелет жасына толмаған балаларға дәрілік заттардың сатылмайтындығы жөнінде хабарландыру, дәрігердің дәріқағазынсыз препараттардың сатылмайтындығы туралы мәлімет көрсетілуі тиіс.
Алайда жүргізілген мониторинг бұл талаптардың дені мүлдем сақталмай отырғандығын көрсетті. Кейбір дәріханалардағы сатушылар бетпердесіз және қолғапсыз қызмет көрсетіп жатыр. Мұнайлы ауданындағы дәріхананың бірінде дәрілік заттар қолма-қол сатылып жатыр, яғни кассалық аппарат жоқ.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 424 бабы бар, яғни заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызмет жүргізу. Сертификатсыз және (немесе) лицензиясыз қызмет көрсететіндер үщін заңға сәйкес ірі көлемде айыппұл қарастырылған. Егер де сатып алушы дәріханадағы кемшіліктер туралы фармацевтикалық қызметке шағым түсіргісі келсе, ақпарат қолжетімді болуы керек. Бұл ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 713 бұйрығында көрсетілген. Алайда бұл талаптар сақталмай отыр. Осылайша лицензиясыз қызмет көрсету, кейбір дәрілердің бағасы шарықтап тұрғанын, таңбаның сәйкес келмейтіндігі және т.б. өрескел заң бұзушылықтарға жол беріліп отырғандығына көз жеткіздік», - дейді «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев.
Тауарды сатып алған кезде тұтынушыға чек беріледі. Бұл өз кезегінде бюджет салығын көбейтіп қана қоймай, әрбір сатып алушыны сапасыз өнім алудан қорғау үшін керек. Ал аталған дәріханаларда берілетін чекте тауардың атауы мүлде көрсетілмейді. Бұл заңға қайшы.
Тағы бір мысал, дәрілік заттардың кері жанама әсері (побочный эффект) болса, сіз тауарды сатып алған дәріханаға қайта апарып беруге құқылысыз. Өз кезегінде сатушы сары карточка толтырып, Ақтөбе шаһарында орналасқан дәрілік заттар ұлттық сараптама орталығына жолдауға міндетті. Бұл жерде Сіздің құқыңыздың қорғалуы екіталай, себебі сіз сатып алған чекте дәрінің атауы өкінішке орай көрсетілмейді.
Сондай-ақ көңіл аударатын тағы бір мәселе бар. Дәріханада сатылатын әрбір дәріде қазақша мәлімет болуы тиіс. Егер де мемлекеттік тілде мәліметтер көрсетілмесе бұл дәрілік заттар республика аумағында тіркелмеген болып есептеледі. Сондықтан дәрілерді сатуға мүлдем тыйым салынады, себебі мұндай дәрілік заттар контрабандалық жолмен жеткізілген болуы ғажап емес.
Тұрғындардың есіне тағы бір сала кететін жайт, тіркелген дәрі-дәрмекке белгіленген шекті баға туралы және т.б. маңызды мәліметтерді DariKz мобильді қосымшаны көшіріп алып, бақылауға болады.
Қазіргі уақытта елде шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге тыйым салынған. Осыны кейбір кәсіпкерлер пайдаланса керек, заңды талаптарды сақтауға мүдделі еместігін көрсетіп отыр.
Айта кету керек, бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланды екен деп босаңсуға болмайды, себебі қоғамдық бақылау жүргізуге ешкімде шектеу жасаған жоқ. Демек, дәріхана бизнесін дөңгелетіп табыс көзіне кенеліп отырған пысықайларға қалай болғанда да талап пен тәртіпке бағынуына тура келеді.
«Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің баспасөз қызметі