Бұл туралы облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиал басшысы Нұрсұлу Конбаева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (МӘСҚ) 2020 жылдың І тоқсанында 8 463 алушыға жалпы сомасы 1,5 млрд теңге әлеуметтік төлемдер жүргізді. Оның айтуынша, еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша 310 алушыға 7,1 млн теңге, асыраушысынан айырылуы бойынша 46 алушыға 2,4 млн теңге, жұмысынан айырылуы бойынша 2 381 алушыға 75,5 млн теңге, жүктілігі және босануы, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуы бойынша 2 444 алушыға 1,3 млрд теңге және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін 3 282 алушыға 117,1 млн теңге төлем алды.
Президенті Қ.Тоқаевтың елде төтенше жағдай енгізілу кезеңінде шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін қорғау (карантин режимі енгізілген) жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында, 1 сәуірінен бастап кірісінен айырылуы жағдайына 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем жүргізілуде.
Маңғыстау облысы бойынша 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағайындауға 407 719 өтініш түсті. Соның ішінде 154 017 адамға әлеуметтік төлем тағайындалды, жалпы сомасы – 6,5 млрд теңге. Ал 2 807 адамға әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылды.
Бас тартудың негізгі себептері:
- ТЖ енгізілгенге дейін соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ әлеуметтік аударымдардың түспеуі;
- екі және одан да көп жұмыс берушіден табыс алуы, оның ішінде кәсіпкерлік қызметті қоса алғанда, еңбек немесе кәсіпкерлік жұмысын жалғастырған (оның ішінде қашықтықтан жұмыс істеген) немесе төленетін демалыс берілген/ төленетін жұмыстарының бірі тоқтап тұрған жағдайда;
- бюджеттен зейнетақы төлемдері мен жәрдемақы, сондай-ақ МӘСҚ әлеуметтік төлемнің басқа да түрін алушылар, ТЖ енгізілгеннен кейін БЖТ алғаш рет төлегендер.
«42 500 теңге ТЖ кезеңінде кірісінен айырылуы жағдайына тағайындалды. Осыған байланысты аталған төлемді тағайындауға өтініш бергенде ТЖ кезеңінде кірісінің болмауы туралы жалған ақпарат бергені үшін әрбір азамат жауапты болады. Өңір бойынша 1 652 адам аталған төлемді ТЖ кезеңінде кірістерінің болуына байланысты өз еріктерімен қайтарды» ,- деді Нұрсұлу Конбаева.
«12 мамыр күнгі жағдай бойынша 96 067 облыс тұрғыны 42 500 теңге әлеуметтік төлемнің екіншісін алды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», - дейді филиал басшысы.