Маңғыстау облысында алғаш рет шахматтан онлайн чемпионат ұйымдастырылып жатыр. Шахматтан «Каспий патшасы» атты онлайн ойын 19 сәуір күні Chess.com сайт платформасы арқылы «Mangystau Chess» клубында өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарыс Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізіледі. Ал «Дебют» шахмат мектебі техникалық сүйемелдеуге жауапты. Чемпионат швейцарлық жүйеде ФИДЕ ережесі бойынша өтеді. Қатысушылар саны шектелмеген, олар 11 тур бойынша сынға түспек. Әр қатысушыға 3 минут уақыт беріледі және әрбір жүріске 2 секунд қосылады.
«Жарысқа қатысушылардың жасы мен санында шек болмайды. Ең басты ереже – қатысушы маңғыстаулық болуы шарт. Өтінімдер электронды пошта арқылы қабылданады. Жүлде қоры – 400 000 теңге. Жеңімпаздар барлық партияда жинаған ұпайлардың ең көп сомасы бойынша анықталады. Егер ұпайлар тең болған жағдайда орындардың ретін Chess.com бағдарламасы анықтайды», - дейді «Дебют» шахмат мектебінің жетекшісі Анвар Шайхымов.
Жарыс барысында арнайы комиссия жұмыс істейді. Оның құрамында халықаралық төреші Арман Габдушев, ФИДЕ төрешісі Асылхан Караев, халықаралық спорт шебері Бауыржан Қасымов және ФИДЕ шебері Илья Монсеенко бар. Олар әділ емес ойындарды бақылап, ойыншылардың нәтижелерін алып тастайды.
Айта кетейік, чемпионаттың тікелей трансляциясы YouTube желісіндегі «Aktau Chess» арнасынан көрсетіледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА