Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ғаламмадин Асқар Кореядағы KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology) университетінде тегін оқуға шақырту алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Зияткерлік мектептің үздік оқушысы Ғаламмадин болашақта электроника инженериясы мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.
Ғаламмадин Оңтүстік Кореяның Теджон қаласындағы жетекші технологиялар университетіне құжат тапсыру үшін физика мен математикадан SAT Subject және SAT Readining, ағылшын тілін біліктілік деңгейін анықтайтын IELTS емтихандарын тапсырған болатын. Нәтижесінде маңғыстаулық оқушы жоғары көрсеткішке ие болды.
«SAT емтиханында ең жоғары балл 1600 болды. Мен емтиханнан сүрінбей өтіп, барлық 1600 балл алдым. Ал IELTS көрсеткіші 6.5 балл болды. Құжаттарымды жинап, университетке жолдадым. Кейін оқу орнының сайтына грантқа өткенім жөніндегі тізім жарияланды. Қуанышымда шек жоқ», - дейді болашақ түлек.
Ескеретін жайт, Ғаламмаддин Асқар Назарбаев университетінің Direct бөліміне де білім грантын алған еді.
«Назарбаев университетінде оқу туралы ойладым. Алайда KAIST электроника саласы бойынша білім беруден әлемнің үздік 20 ЖОО-ның қатарында. Сонымен қатар өзге елдегі технологиялармен жақын танысуға, тәжірибеден өткізуге үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Университетке түсуге еңбек сіңірген ұстаздарыма, соның ішінде физика-математика пәнінің мұғалімдеріне мың алғыс», - дейді зияткер.
Айта кетейік, бүгінде Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі түлегі Оңтүстік Кореяда білім алып жатыр. Төремұрат Аралбаев (2017) пен Нұрдаулет Төребай (2019) – Пусан мемлекеттің университетінің студенттері.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА