Ақтаудың 19-шағын ауданындағы «Бақыт» ТҮК тұрғындары құрылыс компаниясына наразы. Тұрғындардың сөзінше жарық жиі өшеді, одан бөлек үйдің құрылысы да толық бітпеген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаудың ең жайлы жерінен пәтер алдық деп қуанған «Бақыт» ТҮК тұрғындары құрылыс компаниясына риза емес. Өйткені 2021 жылы тапсырылуы тиіс болған екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы әлі толық аяқталмапты. Дегенмен компания былтыр клиенттеріне пәтер кілтін табыстаған. Үйдің кіреберісінде терезелері жоқ, аңырайып тұр. Тізбектесек мәселе көп. Ең сорақысы ай сайын жарықты өшіріп, әбден берекетіміз қашты деген жұрт наразылық білдіруден басқа амалы қалмағанын айтаады.
- Мұнда көшіп келгеніме 7 ай болды. Әр айдың 25-інде жарықты өшіріп отырады. Бұл мәселеге бір шара қолдансын, мүмкін емес, сұмдық қой! Қайта-қайта жарық өшеді, су да жоғары қабаттарға дұрыс көтерілмейді, жылудың да жағдайы мәз емес. Өзіміз айына ақшасын төлеп отырмыз, төлесек те сол светімізді өшіріп тастап тұр. Мен тек жарықтың өзіне бір айға 22 мың теңге төлеп отырмын, - дейді тұрғын Камила Масабаева.
- Компания басшыларына барып айттық «Бітпеген жұмысты қашан істейсіңдер?» деп. «Иә, иә» деп қайта-қайта уәде береді, бірақ уәдесінде тұрмайды. Ақырында бұлар «банктегі шотымызды жауып тастады» деді, - дейді тұрғын Зейнолла Батықов.
Тірнектеп жинаған ақшасына баспана алған халық құрылыс компаниясын жауапсыз деп айыптайды. Құрылыс толық аяқталмағандықтан тұрғындар жарық үшін заңды тұлғаларға арналған тарифпен төлеуге мәжбүр болып отыр екен.
- Жарықты шама келгенше сөндірмеуге тырысып жатырмыз. «Маңғыстау Жарық», «АУЭС» тарапынан жөндеу жұмыстары бойынша өшірулер болған болар. 2023 жылдың жарты жылдығына дейін тұрғындардың арыз-талаптарына байланысты толықтай құрылыс жұмыстарын бітіріп беруге жұмыстанып жатырмыз, - дейді «Интерьер Строй Актау» ЖШС құрылтайшысы Мейірбек Набиев.
Дегенмен тұрғындардың құрылтайшы сөзіне сенгісі жоқ. Өйткені бұған дейін де құрғақ уәдеге тойдырған деп отыр. Сол себепті бұл мәселені облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзіне барып айтпақшы.
Махаббат Нұржанқызы