Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қоғам белсенділерін марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
- Бүгін Дүниежүзілік ҮЕҰ күні. Үкіметтік емес ұйымдар туралы айтар болсақ, олар – қоғам белсенділері. Олар қоғамға пайдалы еңбекпен айналыса отырып, өзге де азаматтардың белсенділігін арттыруда. Құрметті, үкіметтік емес ұйым мүшелері, сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын және өңіріміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын, - деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 700-ден астам түрлі бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде 400-ден астам қоғамдық бірлестіктер, 300-ден аса қоғамдық қорлар және 10-ға жуық заңды тұлғалар жұмыс істейді. «Азаматтық қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін» мерекелік медалі еліміздің азаматтық секторының 20 өкіліне табыс етілді.
– Бүгін облыс басшысының марапатына ие болған сол белсенділер шынымен облыстың өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген жандар. Олардың қажырлы еңбегі марапатқа лайық болды, – дейді «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Никар Рафикова.
Салтанатты шара Маңғыстаудың би ұжымдары мен өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.