Су жинау каналындағы судың қажетті деңгейін ұстап тұру үшін қазіргі уақытта «МАЭК» ЖШС «ЖЭО-1» (ТЭЦ-1) каналында теңіз деңгейінің төмендеуі нәтижесінде пайда болған құмды және лай шөгінділерді тазарту жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Тазалық үшін мамандандырылған техника (жер снаряд) жұмылдырылған. Канал арқылы теңіз суы «ЖЭО-1» технологиялық қажеттіліктеріне, сондай-ақ «Каспий тұщыту зауыты» ЖШС-ға ауыз су дайындау үшін беріледі.
-Жұмыстар механикалық жолмен жүргізілгендіктен, су айдынының экологиялық қауіпсіздігіне әсер етпейді, - дейді «МАЭК» ЖШС жөндеу және эксплуатация департаменті басшысының орынбасары Алексей Смоленский.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айында Ақтауда ауа-райына байланысты бірнеше күн бойы Каспий теңізінің жағалау аймағы қатып қалған болатын. Қатты жел мен «ЖЭО-1» су жинау каналының мұздануы салдарынан су деңгейінің төмендеуі тіркеліп, бұл «ЖЭО-1» қызметіне қауіп төндірген болатын.
Ол кезде «МАЭК» ЖШС Маңғыстау облысы ТЖД қызметкерлерімен, Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының әкімдіктерімен, «ҚЖСА» МКК-мен бірлесіп, каналды жылыту бойынша бірқатар жедел шаралар қабылданған болатын. Нәтижесінде каналдағы су деңгейі қажетті белгіге дейін ұлғайтылды. Ол кезде ыстық суды тасымалдау үшін 11 су тасушы, 3 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған болатын.
Бұдан басқа, энергия комбинатын жаңғырту және «Каспий» су тұшыту зауытының өнімділігін арттыру бойынша кеңейту шеңберінде қазіргі уақытта теңізде бір жарым километрге дейінгі қашықтыққа жеке құбырлар салуды көздейтін «ЖЭО-1» су алу каналын реконструкциялау жобасы әзірленуде. Соның арқасында суды қоспасыз, тұнбасыз және құмсыз алуға болады.