Аманжол Қартбаев:
Құрметті жерлестер, қадірлі замандастар! Қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды деген бар. Асылында заманымыздың заңғары болған Әбіш ағамыздың осы бір ауыз сөзінде күллі адамзатқа ортақ шынайы өмір қағидасы жатқандай. Расында да, қолында барды қанағат етіп, жоқ жолында революцияға емес эволюция арқылы қол жеткізу - шынайы бақытқа апарары сөзсіз. Төңкеріспен, күшпен және мәжбүрлеумен келген олжа ұзаққа апармасы анық. Оған соңғы он жылдағы Араб елдері мен Еуропада орын алған оқиғалар мысал. Арада қаншама уақыт өтсе де кезінде гүл жайнаған Ирак, Сирия сияқты елдер әлі күнге есін жия алмай келеді.
Бізге керегі не, немесе бізден бәз біреулерге не қажет? Өз басым соңғы уақытта жиілеп кеткен наразылықтарды, сондай-ақ қаңтар оқиғасын ұйымдастырған халық дегенге сенбеймін. Олардың артында жат пиғылды тараптар бар екені сөзсіз.
86 жылдың ызғарын, 90 жылдардың тоқырауын көріп, тәуелсіздік тұғырын қалауға қатысқан ел ағасы ретінде барша халықты бейбітшілікке, тыныштыққа шақырамын. Мың күн қырғыннан бір күн бейбітшілік артық деген сөз бар қазақта. Басымызға қонған бақты бағалай алмай, жар астындағы жаудың жетегінде кетсек осы күнімізге зар болмасымызға кім кепіл? Алаңдаушылығымызды алаңдарға шығып емес, барлық мәселені заң аясында шешуге шақырамын. Ертеңіміз бүгінгімізден жарқын болсын!