Мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде "Жастар" бағдарламасы бойынша әлеуметтік көмек тағайындауға бөлінген қаражат туралы ақпарат тарауда. Аталған әлеуметтік көмектің тағайындалғаны рас па деген сауалға қатысты Еңбек министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, желіде тараған ақпарат қисынсыз. Қызмет бағыты бойынша аталған бағдарлама да, әлеуметтік көмектің мұндай түрі де жоқ.
"Мессенджерлерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан "Жастар" бағдарламасы бойынша 35 жасқа дейінгі азаматтарға әлеуметтік көмек тағайындау туралы жалған ақпарат таратылуда. Белгісіз адамдар тағайындалған қаражатты аудару үшін телефон нөмірге қоңырау шалуды немесе сілтемені басуды ұсынады", – делінген 2023 жылдың 27 қарашасындағы хабарламада.
Ал хабарламадағы нөмір немесе сілтеме алаяқтардың құрған тұзағы болуы мүмкін.
«Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге және көрсетілген нөмірге қоңырау шалмауға кеңес береміз»,- делінген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарламасында.