Ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осиповқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Іс "өте құпия" деген белгімен қаралды.
Сот Кәрім Мәсімовті ҚР ҚК 175-бабының 1-бөлігі ("мемлекетке опасыздық"), 179-бабының 3-бөлігі ("билікті күшпен басып алу"), 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы ("билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану") бойынша кінәлі деп таныды.
"Жазаларды ішінара қосу арқылы Кәрім Мәсімовке 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды", - деп хабарлады Астана қаласы сотының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сот шешімімен ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов генерал атағынан және барлық мемлекеттік наградалардан айырылды.