Отбасылық зорлық-зомбылықпен күресу мақсатында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізеді. Мұны ОКҚ-де өткен брифингіде Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берді. Оны орындау үшін министрлік құқық қолдану практикасы мен халықаралық тәжірибеге жүргізілген талдау негізінде тиісті заңнамалық өзгерістер әзірледі», - деп мәлім етті Ренат Зұлқайыров
Оның айтуынша, жәбірленушілер полицияға тек өміріне не денсаулығына қауіп төнген кезде ғана жүгінеді. Ал құқық қорғау қызметкерлері оқиға орнына барған сәтте, ол агрессоға қатысты арыз жазудан бас тартады.
«Ұсынылып отырған түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен DVR жазбалары жеткілікті болады. Осыған сай түпкілікті шешімді сот қабылдайды», - деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Бұған қоса, енді жәбірленуші мен агрессорға қайта татуласу мүмкіндігі берілмейді. Ренат Зұлқайыровтың айтуынша, былтыр тұрмыстық жанжалдар бойынша сотқа 47 мың әкімшілік іс жіберілген. Оның ішінде 20 мыңы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Ал жаңа өзгеріске сай, енді ерлі-зайыптыларға мәмілеге келу үшін сотта бір мүмкіндік беріледі.
Аталған өзгерістер 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Сонымен бірге, Ренат Зұлқайыров жыл сайын полицияға отбасылық жанжалдар бойынша 100 мыңнан астам шақырту түскенін айтты.
«Мәселен 2015-2016 жылдары түскен 100 мыңнан астам хабарлама бойынша кінәлілерге ешқандай жаза қолданылған жоқ. Заңнама өзгерді, бірақ біз басқа мәселеге тап болдық. Өйткені, жәбірленушілер көбіне агрессорға қаржылық және психологиялық тұрғыдан тәуелді. Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы әрбір шағым бойынша шаралар қабылдауда. Сонымен бірге, жәбірленушілердің 60%-ы полицияға арыз түсіруден бас тартады. Тиісінше, біз жаза қолданбаймыз», - деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров ОКҚ-де өткен брифингіде.
Қоса кетсек, кеше Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Қазақстан аумағында жасалған қылмыстардың 80 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты екенін мәлімдеп еді.