Қазақстанда әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватакси қызметтерін көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Бүгінгі таңда мүгедек адамдардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызмет көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосу жұмысы жүргізілуде. Пилот шеңберінде әрбір көрсетілетін қызметті алушы әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген өнім берушіден мобильді қосымша арқылы инватакси қызметіне тапсырыс бере алады", - деп хабарлады Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.
Ол сондай-ақ инватакси қызметін көрсетуге қойылатын талаптар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау туралы шартта (объектілер мен межелі пункттердің тізбесі, тәулік бойы күндізгі және түнгі уақыттағы жұмыс режимі, демалыс және мереке күндері) ескертілетінін еске салды.
"Мүгедек адамдарды автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес инватакси қызметтерін алушылар санатын және жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша инватакси қызметтерін ұсыну үшін объектілер мен межелі пункттер тізбесін кеңейтуге жол беріледі. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар инватакси тасымалдарына қажеттілікті ескере отырып, өнім берушімен шарт жасасу кезінде жұмыс режимін белгілей алады", - деп толықтырды А.Смайылов.