76 жасқа қараған шағында қазақстандық сценарист және кинорежиссер Ұлжан Қолдауова қайтыс болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлжан Қолдауова 1946 жылы 1 тамызда Қызылорда облысы Қазалы станциясында өмірге келген. Ол 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясының актерлік студиясын бітірген. 1971 жылы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын 1965 жылы «Қазақфильм» киностудиясында бастады. Режиссердің көмекшісінен бастап жоғары категориялы фильмдердерді дужляждау және көркем фильмдердің қоюшы режиссеріне дейінгі жолдан өтті. Дубляж режиссері ретінде үш жүзден астам фильмді қазақ тілінде сөйлетті. Олардың арасында «Васса», «Обломов», «Крейцерова соната» және тағы да басқа көптеген туындылар бар. Ол фильмдерді ұйғыр тіліне дубляждау бойынша да еңбек сіңірді. Ұлжан Қолдауованың жетекшілігімен сексеннен астам фильм ұйғыр тіліне аударылды.
1993 жылы Ұлжан Қолдауова сценарист және қоюшы режиссер ретінде алғашқы жұмысын бастады. Олардың қатарында қысқаметражды «Айғаным» көркем фильмі, өзі жазған сценарий желісімен түсірілген «Намыс» фильмі бар. Аталған фильмдер 1995 жылы Тегеранда және 1996 жылы Карлова Вары қаласында өткен өткен халықаралық кинофестивальде көрермен көзайымы номинациясында үздік деп танылды.