Мақсат Сқақов Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. "Мемлекет басшысының Жарлығымен Сқақов Мақсат Нұрлыбекұлы Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалсын", - делінген Жарлықта. Сқақов Мақсат Нұрлыбекұлы 1978 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында туған. Білімі — жоғары. «Тарих, құқық және экономика негіздері», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасымен білім алған. Философия және экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын 2000 жылы ҚР Ішкі істер органынан бастап, ҚР Президентінің күзет қызметінде, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде, ҚР Мәдениет, Білім және Ғылым министрліктерінде, ҚР Премьер-Министрінің Кеңесшісі, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің тілдер комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2016 жылы ҚР Бас Прокурорының ерекше маңызды тапсырмалары бойынша аға көмекші қызметінде болған. 2017-2019 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.