Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Астана» мешітіне барды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. Мемлекет басшысы Ораза айт мерекесінде «Нұр Астана» мешіті мен «Астана» медресе колледжіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының жұмысымен танысып, оқу үдерісі мен материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейде екенін айтты. Студенттермен әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті оқу және жатын орындарының жағдайын сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай оқу орнында оқитын шәкірттер ынталы әрі тәрбиелі болуы керектігін атап өтті. – Сіздерді қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, жақсылықтар мол болсын, бақ-береке тілеймін. Келесі Рамазан айына басымыз аман, бауырымыз бүтін, халқымыздың төрт құбыласы түгел жетуге нәсіп етсін. Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! – деп тіледі Мемлекет басшысы. Соңында Қазақстан Президенті еліміздің игілігі үшін дұға жасады.