©
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мұсылмандарын Ораза айт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.Құрметті отандастар!
Барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке. Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді. Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді. Қазақстан – бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар – халқымызға тән игі қасиеттер. Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Ораза айт құтты болсын!