Президенттің Жарлығымен табиғат қорғаушы инспекторлар Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
"Марқұм Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлы қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталсын", - делінген Президенттің Жарлығында. Марқұм Ерлан Нұрғалиев Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы қызметін атқарған. Дәл осы орданмен оның әріптесі «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Петр Алексеевич Ницык та марапатталды. Естеріңізге сала кетейік оқиға 2019 жылдың 13 қаңтарында Қарағанды облысында болған еді. Нұра ауданында Теңіз көлінің оңтүстік-батысында орналасқан Ақ қошқар бөгені маңынан киік атқан браконьерлерді байқап, қос инспектор П.А. Ницык және Е.Б. Нұрғалиев олардың соңына түсіп, ұстамақ болады. Бірақ көлікті тоқтатқан кезде одан қаруланған үш ер адам шығып, инспекторлар П.А. Ницык, Е.Б. Нұрғалиевті соққыға жығады. Сонымен бірге, браконьерлер инспекторлардың көлігінен GPS құрылғысы мен көліктің тұтану кілтін алып кеткен. Қатты жарақаттанған Ерлан Нұрғалиев Астананың №1 ауруханасына жеткізілгенімен, 15 қаңтарда тілге келместен көз жұмды.