©
Алматы облысында әйел адам 2 жастағы қызының шашындағы бит улаймын деп баласынан айырылып қалды. Жантүршігерлік жағдай Талғар ауданындағы Туғанбай ауылында болған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, анасы 2013 және 2016 жылғы қыздарының шаштарындағы битті кетіру үшін «Неоцидол» қолданған. Аталған дәріні суға ерітіп, қыздарының шаштарына жаққан. Көп ұзамай дәрі балаларға әсер берген. Құсып, әлсіреп, ауыздарынан көбік аққан қыздарын анасы ауылдық амбулаторияға жеткізген.
«Анасы екі қызын алып, ауылдық амбулаторияға барған. Бірақ 2016 жылғы баласы амбулаторияға өлі күйінде жеткізілді. Ал 2013 жылғы баланың жағдайы жақсарып келеді. Бастапқыда ол жансақтау бөлімінде болған. Қазір жалпы палатаға ауыстырылды. Қазір қыз бала Іле ауданындағы Алматы аймақтық балалар аурухасында ем қабылдауда», - деді аталған ведомстваның өкілі Ләйлім Әубәкірова.
Жалпы, ғаламтордағы мәлімет бойынша, «Неоцидол» малдағы кене, биттерді өлтіруге арналғаны жазылған.